Ордабасы: елге адал қызмет еткен азаматтың өмірі көпке үлгі
Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен, соңғы уақытта аудандық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитеті төрағасының кеңесшісі болған Әлдібек Сәдірмек ағамызды құрметті зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке, соның ішінде мәдениет, білім беру салаларына арналған Әлдібек Шынасылұлын зейнетке шығуымен құттықтап, Алғыс хат пен оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Ауданымыздың дамуы жолында адал қызмет етіп, аброймен демалысқа шыққан ел ағасының өнегелі өмірі кейінгілерге үлгі-өнеге», деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Өз кезегінде Әлдібек Шынасылұлы аудан әкімі аппараты тарапынан көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдіріп, ізін басып келе жатқан мемлекеттік қызметшілердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетерлігі, Әлдібек Шынасылұлының мемлекеттік қызметпен қатар өнер саласында да өзіндік орны бар. «Бір күндік сәуле» атты әндер жинағының авторы.