Оңтүстіктен көшіп барғандар теріскейдегі қазақ мектептерін жабылудан сақтап қалуда

Солтүстікке қоныс аударғандардың жағдайымен танысуға барған түркістандық жұмысшы топ Есіл ауданы, Николаевка ауылында тұратын Айгүл Құлбаевамен кездесті. Айгүл Түлкібас ауданынан көшіп келген. Оның айтуынша, теріскейде жұмыс істейтін адамға кәсіп көп. Ол қазір ауыл тұрғындарына дәрігерлік ем-дом жасайды. Осы уақытқа дейін оңтүстікте үйсіз жүріп, осында келіп баспананы қорасымен бірге алған.

Одан бөлек, делегация Мамлютка қаласында тұратын Динара Жүсіпбековамен тілдесті. Ол Келес ауданындағы Мақташы ауылынан 2016 жылы көшіп келген. Күйеуі құрылыс саласында еңбек етеді. Бүгінде үй алдынан монша ашып, кәсіп қылып отыр.

Сонымен қатар, жетісайлық Ғани Құдабаев та Есіл ауданы Өрнек ауылына қоныстанған. Бүгінде әйелі екеуі мектепте қызмет атқарады. Төрт баласы сол мектепте білім алады. Ғанидың сөзінше, оның балалары жабылайын деп тұрған мектепке орналасып, жабылудан сақтап қалған екен. Одан бөлек, жұмысшы топ Есіл ауданының орталығы Явленка ауылына барды. Орталықта орналасқан “Карина” асханасының саудасы соңғы үш айда қыза бастапты. Ол Ордабасы ауданынан көшіп барған Айнұр Мырзабекованың кәсібі.

ПІКІР ЖАЗУ