Оқушылар тағы да тағамнан уланды: Білім басқармасы мәлімдеме жасады

Бүгін 11:07-де Байзақ ауданының Мырзатай ауылында мектеп оқушыларының тағамнан улану оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысы Білім басқармасының мәліметінше, аудандық орталық аурухананың мәліметінше, оқушылар таңертең мектептің қарсы бетіндегі жеке дүкеннен сатып алған жылдам дайындалатын тағамдарды — сэндвич, бургер және кириешкиді тұтынған. Арада 1–2 сағат өткен соң балаларда жүрек айну, құсу, бас ауруы және әлсіздік сияқты улану белгілері байқалған.
Барлығы 12 оқушы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде тексерістен өтті. Мамандардың айтуынша, балалардың жағдайы тұрақты, нашарлау белгілері жоқ, барлығы үйлеріне жіберілді, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тиісті ем-шаралар жүргізіліп, уланудың нақты себебін анықтау үшін зертханалық тексерулер жасалып жатыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық білім басқармасының басшысы мен аудан басшылығы оқиға орнына барып, қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Қазір жағдай тұрақты, бақылауда.




