ӨКПЕСІ 85 ПАЙЫЗ ҚАБЫНҒАН НАУҚАС КОРОНОВИРУСТЫ ЖЕҢІП ШЫҚТЫ

Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері өкпесінің 85 пайызы зақымдалған қарт кісіні аман алып қалды. Компьютерлік томография нәтижесінде науқаста екі жақты пневмония анықталған. Бұған қоса ПТР сараптамасы бойынша егде жастағы азаматшада Covid-19 вирусы бар екені белгілі болған.

Нақтырақ айтсақ, 1952 жылғы қала тұрғыны Ұлас Исаққызы ағымдағы жылдың 28-шілде күні ауыр халде жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен жеткізілген болатын. 3 тамыз күні науқастың жағдайы күрт нашарлаған соң дәрігерлер жансақтау бөліміне ауыстырып, жасанды тыныс алу аппаратына қосады. Емдеу барысында қарт кісіге реанимациялық және вирусқа қарсы терапиялық емдер үздіксіз жүргізілді. Араға бір ай салып, науқастың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер оны палалатаға ауыстырған.

Дәрігердің айтуынша, айлап жансақтау бөлімінде жатқан науқастың созылмалы ауруларына байланысты асқынулар болған. Дегенмен емдеу жұмыстары оң нәтиже көрсетіп, 69 жастағы кісінің денсаулығы жақсарған.

– Зейнеткерге емдеу хаттамасы бойынша толық ем жүргізілді. Қазір науқастың жағдайы жақсы. Бүгін үйіне шығардық»- дейді жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Сейталиев Нұрлыбек.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ