«Менің жасыл балабақшам»: Алматыда экологиялық челлендж басталды

 Алматы қаласында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Менің жасыл балабақшам» атты экологиялық челленджі басталды. Бұл бастама балалардың экологиялық мәдениетін дамытып, цифрлық дағдыларды игеруге көмектеседі.

Алматыда мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және цифрлық шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған «Менің жасыл балабақшам» атты жалпықалалық экологиялық челленджі басталды.

Бұл бастамаға Алматы қаласындағы 30 мектепке дейінгі ұйымның ересек және мектепалды топтарының тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары мен педагогтері қатысуда.

Жас экологтардың жұмыстарын Алматы қаласы, Алатау ауданындағы №84 балабақшасында көруге болады.

«Керемет көрініс: балалар пластикалық бөтелкелер мен ескі қораптардан дидактикалық ойындар мен музыкалық аспаптар жасап, оларға жаңа мағына беру жолдарын көрсетті», – деп белгіледі Алматы қаласы Білім басқармасының басшысының орынбасары Бибігүл Малғаждарова.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда эко-тренд өсекті ұрпақты дамытудағы ең өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Қалдықтарды сұрыптау мен қайта пайдалану балаларға қоршаған әлемді жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Челлендждің негізгі мақсаты: балалардың экологиялық мәдениетін тәрбиелеу, табиғаттағы қарапайым өзара байланыстарды түсінуге баулу және қоршаған ортадағы табиғи нысандармен адамгершілік-эмоционалды қарым-қатынас жасаудың алғашқы практикалық дағдыларын қалыптастыру.

Шара аясында балалардың назарын қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау мәселелеріне аудару, олардың креативті және цифрлық дағдыларын дамыту, сондай-ақ экологиялық жауапты мінез-құлықты насихаттау міндеттері іске асырылмақ.

Челлендж барысында балалар пияз бен түрлі тұқымдарды егеді, бөлме өсімдіктерін күтіп-баптайды, қағаздан пульпа алу және қамыстан целлюлоза немесе талшықтар алу технологиясын зерттейді, тұрмыстық қалдықтарға (пластик, бөтелке қақпақтары, картон және т.б.) «екінші өмір» сыйлауды үйренеді, сумен тәжірибелер жүргізіп, су және энергия үнемдеу технологияларын меңгереді.

Аталған челленджді өткізу балалардың экологиялық санасын арттыруға ықпал етеді. Балалар экологиялық, шығармашылық дағдыларды игеріп, табиғатқа деген қамқорлық қарым-қатынасты қалыптастырады, сонымен қатар қиялдары мен креативті ойлау қабілеттері дамиды.