Мемлекет басшысының халыққа үндейтін Жолдаулары маңызды құжат саналады

Жыл сайын Мемлекет басшысының халыққа үндейтін Жолдаулары маңызды құжат саналады. Онда мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына талдау жасалып, қол жеткен табыстарымызға шынайы баға беріледі және алда тұрған белестер айқындалады. Биылғы Жолдау «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталып отыр. Оны зерделей отырып 7 бағыт пен 5 бастамадан тұратынын пайымдадық.

Тәуелсіздіктің 30 жылында жүріп өткен жолында мемлекетіміз дамудың түрлі белестерінен өтті. Ел азаматы ретінде қол жеткізген жетістіктердің әрбіріне куә болып келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтқандай ең басты жетістігіміз біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Бұл тұрғыда Президент: «Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік. Еліміз тәуелсіздік жылнамасының үшінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтындығы қазірдің өзінде айқын байқалуда. Кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет», – деді.

Қазіргі мақсат – бірлігі бекем елдің халқының әлеуметтік жағдайын барынша жақсарту. Президент көтерген негізгі 5 бастама халықтың әл-ауқатын көтеруге негізделгенін көруге болады. Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың жалақысын өсіру, мұрағатшы, кітапханашы, қорықшылардың жалақасын 20 пайызға қосу, баспана алуды жеңілдету мәселесін бастама етіп көтеруі осы саладағы азаматтардың болашаққа деген сенімін нығайтты.

«Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген Майқы би. Жолдаудағы әрбір тапсырманы бірлесе орындау, ел келешегінің жарқын өмірі екенін кәміл сенемін. Президент айтқандай қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды.

Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады.

Байдулла ҚОНЫСБЕК,

Қазақстанның Құрметті журналисі

ПІКІР ЖАЗУ