Медтуризм: Астанаға ем іздеп келетін шетелдіктер көбейген

Елордаға соңғы бір жылда медициналық туризм мақсатында, яғни емделу үшін 4500-ден астам шетелдік пациент келген. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Астана әкімдігіне қарасты “Astana Tourism” туризмді дамыту орталығы” ЖШС мәлімдеді.
Ұйымның дерегінше, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Бұл – елордадағы медициналық қызметтерге тұрақты түрде артып келе жатқан қызығушылықтың белгісі.
Туристер қай елдерден келеді?
Медициналық туристердің негізгі ағымы ТМД елдеріне, оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға тиесілі. Сонымен қатар Қытай, Түркия, БАӘ елдерінен келушілердің саны артып келеді, ал алыс шетелдерден – Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінен де пациенттер бар.
Экономикалық әсері қандай?
Нақты медициналық туристерден бюджетке қанша қаржы түскенін айту қиын. Алайда жалпы статистикаға сүйенсек, Астанаға келген әрбір турист орта есеппен күніне 230 доллар жұмсайды. Ал медициналық туристер бұл сомадан шамамен 10 есе артық шығын жасайды. Қызметтің күрделілігі мен ем алу ұзақтығына байланысты бір пациенттің орташа шығыны – 2 000-5 000 доллар.
Қай орталықтарға жүгінеді?
Астанаға келетін шетелдік пациенттерді негізінен нейрохирургия, кардиохирургия, онкологиялық ауруларды емдеу, ортопедия, диагностика және сауықтыру салалары қызықтырады. Олар халықаралық JCI стандартымен аккредитациядан өткен жетекші орталықтарға жүгінеді.
Елордадағы JCI сертификатына ие 7 орталық:
- UMC Жүрек орталығы
- UMC Ана мен бала орталығы
- UMC Диагностикалық орталығы
- Ұлттық балаларды оңалту орталығы
- Ұлттық нейрохирургия орталығы
- ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының ауруханасы
- “Umit” халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы
Сонымен қатар жеке медициналық ұйымдар да сұранысқа ие. Олардың арасында репродуктивті медицина, ЭКҰ жасату үшін келетіндер де баршылық. Сондай-ақ Астанаға ортопедия, пластикалық хирургия, эстетикалық медицина, стоматология үшін ат басын бұратындардың қарасы көбейген.
Астананың әлеуеті зор
Мекеме мамандарының пікірінше, Астананың медициналық туризмді дамытуға әлеуеті зор.
- Біріншіден, заманауи орталықтар халықаралық стандарттарға сай жабдықталған.
- Екіншіден, «баға–сапа» арақатынасы шетелдік пациенттер үшін өте тартымды: қызмет құны Еуропа, Түркия немесе АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда төмен, ал сапасы жоғары деңгейде сақталады.
- Үшіншіден, клиникаларда госпитальдық сервис дамыған, әр пациентке жеке көзқарас пен қосымша қызметтер ұсынылады.
Даму жолдары
Медициналық туризмді дамыту үшін:
- халықаралық алаңдарда елорданың клиникаларын ілгерілету,
- шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату,
- шетелдік пациенттерге арналған кешенді сервисті кеңейту,
- емді демалыспен және мәдени бағдарламамен ұштастыру қажет.
Мәселен:
2025 жылы Абу-Дабиде өткен Middle East Medical Tourism Fair көрмесінде Астананың әлеуеті таныстырылды.
Түркиядан келген сарапшылардың қатысуымен «Медициналық маркетинг» және «Госпиталдық сервис» бойынша оқыту курстары өткізілді.
ТМД және Қытайдан келген делегациялар үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылды.
Проблема да бар
Сала мамандары заңнамалық базаның толық қалыптаспауы – басты проблема екендігін атады. Қазір шетелдік пациенттерді тартатын агенттіктерге төленетін сыйақы жүйесі реттелмеген.
Медициналық туристерді есепке алу статистикасы жүргізілмейді. Пациенттердің саны, алған қызмет түрлері және экономикалық әсері туралы бірыңғай механизм жоқ.
Астананың медициналық туризмі қазірдің өзінде тұрақты дамып келеді. Алдағы бес жылда бұл сала экономикалық өсудің драйверлерінің біріне айналып, елорданы халықаралық деңгейдегі медициналық орталық ретінде танытуға мүмкіндік бар.