Мәжілісте бюджеттің атқарылуы талқыланды

 

Төлеби ауданы әкімінің аппараттық мәжілісінде екі мәселе қаралды. Мәжіліске аудан әкімі Төлеген Телғараев төрағалық етіп, жиналыстың күн тәртібімен таныстырды. Басқосуда бюджеттің игерілуі, кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар тыңдалды.

Күн тәртібіне сәйкес, «2022 жылдың аудан бюджетінің атқарылу барысы туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов баяндады. Жалпы, аудан бюджетінің кірісі 2 млрд 258 млн 457 мың теңгеге жоспарланса, орындалғаны 2 млрд 407 млн 960 мың теңге. Қала, ауылдық округ әкімдіктерінің кіріс жоспары 109,7 пайызға орындалған. Бюджеттің шығыс бөлігі де өз деңгейінде орындалуда.

Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 11 айда 18 млрд 173,5 млн теңгені құрады. Бұл жөнінде «Аудан аумағында инвестиция тарту жұмыстарының барысы туралы» баяндаған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев хабарлады. Баяндамашы аталған салаға тартылған инвестиция, несиелендіру, өндірілген өнім көлемі, туризм бағытындағы жүргізілген негізгі жұмыстарға тоқталды. Аудан аумағында жеке инвесторлар есебінен 13 млрд 771,8 млн теңге, бюджеттік қаражат есебінен 4 млрд 401,6 млн теңге қаржы қаралған.

Мәжілісті қорытындылаған аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы көтерілген мәселелерге қатысты жұмысты жандандыруды талап ететінін айтып, жыл қорытындысымен берілген межені орындауды тапсырды. Бұған қоса, берілген тапсырманың орындалуын аудан әкімінің орынбасарлары мен сала басшыларына бақылауға алу қажеттігін айтты. Аталған мәселелердің барлығы дерлік өз бақылауында болатынын ескертті.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ