Мақтаарал ауданында жылыжай шаруашылығын субсидиялауға қойылатын талаптар түсіндірілді

2023 жылдың IV – тоқсанынан бастап жылыжай шаруашылығын гектарлы субсидиялау туралы шешім қабылдану жоспарлануда. Аталған мәселе бойынша фермерлік жылыжайларды сертификаттау жөнінде бүгін аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровтың төрағалығымен және Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы акционерлік қоғамы филиалының мамандарының қатысуымен фермерлік жылыжайларды стандартқа сәйкес сертификаттау, жылыжайларды субсидиялау жолдарын түсіндіру бойынша жиын өтті.

“Жалпы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жылыжай шаруашылығының қосар үлесі зор. Бүгінгі таңда аталған салаға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында гектарлы субсидияны енгізу бойынша шешім қабылданып отыр. Осылайша мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау күшейтіледі” – деді, Нұрбол Жақсылықұлы.

Жиын барысында ауданның жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруалары “Жылыжай шаруашылығын субсидиялауға қойылатын талаптар мен жылыжайларды стандарттау” ережесіндегі кейбір мәселелер бойынша сұрақтар қойып, өз өтініштерін де жеткізді. Сонымен қатар, қанағаттанарлық жауаптар алды.

Аталған жиында шаруашылыққа қажетті көмір отынының жайы да сөз болды. Салаға жауапты әкім орынбасары былтырғы жылы көмір отыны тапшы болғанын тілге тиек етіп, шаруаларға қатты отынды қазірден алу қажет екендігін түсіндірді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданы бойынша 53 гектар жерге жылыжай егілуде. Оның ішінде көмірмен жылытылатыны 17,81 гектарды құрайды. Ағымдағы жылдың қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз айларына жылыжай көлемін жылытуға 2814,50 тонна көмір қажет етіледі. Қазіргі таңда 2500 тонна көмір отыны сатып алынып, қалған көмір отынын қараша айының ішінде толықтыру жоспарланып отыр.

Еске салар болсақ, «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ҚР АШМ-нің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 107 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» жобасына сәйкес, ҚР АШМ мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында жылыжай шаруашылығын субсидиялауды қолға алып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ