Леңгір қаласы аумағы абаттанып, көркеюде

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Ленгір қаласы тұрғындарымен кездесті. Кездесу аудандық Мәдениет үйінде өтіп, аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 10 айлық қорытындысымен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттарын әңгімелеп, үшінші тоқсанда өткен кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды түсіндірді.

Биылғы жылы «Жарық жол» мекемесі 11 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізіп, Алатау мөлтек ауданындағы ұзындығы 2, 4 шақырымды құрайтын №4, №6, №7, №8, №23, №25 көшелеріне тас төселді.

Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту бағытында «Көктерек» су тазалау имаратында құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2023 жылға өтпелі. Достық елді мекеніндегі №4,5 ұңғымалары ағымдағы жөндеуден өтті. Астана көшесіне ауыз су құбыры жүргізіліп, «Көктерек» бұлақ басы каптаждалуда. І мөлтекаудандағы №5 су жинақтауышы ағымдағы жөндеуден өтті.

Күмістөбе, Кенші көшелеріндегі газ құбырында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Таскешу және С.Сәулембаев көшелеріне, Север мөлтек ауданына квартал ішілік газ құбырлары тартылып, жыл соңына дейін газға қосу жоспарлануда.

«Алатау» мөлтекауданына 110кВ ӘЖ бар ҚС-110/10 кВ электр қосалқы станциясын салу жұмыстары басталды. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвест бағдарламасы аясында С.Сәулембаев, Күмістөбе, Қазақстан көшелеріне электр желілері тартылып, трансформатор қойылды.

Ленгір-Көксәйек айналма жолына «Төлеби баба» стенді қойылып, «Тәуелсіздік саябағы» ағымдағы жөндеуден өтті. І мөлтекауданға 9 балалар ойын және спорт алаңшасы, бейнебақылау камералары, түнгі жарық қойылып, жол жиектері кеңейтіліп, автотұрақ салынып, суағарлар орнатылды.

Ленгір қаласы тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді Төлеген Тұртайұлы мұқият тыңдап, барлығына да жауап берді. Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Төлеби ауданы мәслихатының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ