Қыз балаға бірінші кезекте – орамал тағу емес, білім алу парыз

Ұлттық құндылықтарды, ұлттық бірегейлікті нығайту аясында ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанған дәстүрлі дүниетанымды насихаттаудың маңызы зор. Наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен болатын. Құрылтайда Мемлекет басшысы қара киімнің біздің халқымыздың дүниетанымына қайшы екенін мәлімдеді.

«Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», – деп қадап айтты Мемлекет басшысы. Президент сондай-ақ радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүргенін айтты.
«Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты», – деді Президент.

Қазақ халқы «Қыз өссе – елдің көркі» деп қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін болған. Кезінде қазақтар қыздарына тақия, қыста бөрік кигізді. Қыз-келіншектер бой түзеп, сән-салтанатпен жүрді. Дана халқымызда «Қыз қылығымен сүйкімді», — дейді. Қызын қырық үйден тия отырып, алақанына салып, әспеттеп еркелеткен. Өкінішке қарай, кей адамдарда халқымыздың дүниетанымына қайшы бетті жауып тұмшалау, қара киіну секілді әдеттерді исламмен байланыстыру түсінігі бар. Исламда «бетті тұмшаласын», «қара киім кисін» деген талаптар жоқ. Бабаларымыздың сан ғасырлық діни ілімі мен ізгілікке үндейтін салт-дәстүрі бүгінгі ұрпақ үшін де басты рухани бағдар болып қала беруі қажет. Жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова қазақ қыздары туралы былай деген екен: «Бұрын қазақ қыздары тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Құндыз бөрік, кәмшат бөрік, үкілі тақия, шашақты қасаба, жырға, моншақты қолға секілді бірінен бірі өткен бас киімдерді киген. Енді сол бас киімдерге лайықтап шашын өрген. Ойлап қараңыз, бір ғана қыздың басына тағатын әшекейдің түрлі атауы бар. Сондай сұлулықтың бәрін қара орамалдың астына көму керек пе? Ал қара орамалды күйеуі өлген әйелдер салған. «Абай жолы» романында да бұл туралы жазылған. Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ. Ол жақ құмды жер, өте ыстық, боран. Соған байланысты киім киістері де өзгеше. Еркегі де, әйелі де киініп, кейін ол дәстүрге айналған. Ал енді ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрдің орнына алыстағы өзге ұлттың дүниесін қазаққа жапсырудың не қажеті бар? Осы уақытқа дейін болмаған нәрсені аяқ асты әкелу әсіре діншілдердің әрекеті.

Қазақ – атамзаманнан Құдайға сенген халық. Біздің ырым, тыйымдарымызды ешқайсысы шариғатқа қарсы келмейді. Бәрі тектілікке, әдептілікке, ұятқа құрылған. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген бір ауыз сөздің өзі осыған дәлел. Дін көп, Құдай біреу. Егемендік алып, шекарамыз ашылғаннан кейін түрлі ағым өкілдері елімізге келді. Бір исламның өзінде қаншама ағым бар. Олардың не себепті келгені де күмән тудырады. Менің «батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады» деп айтатыным да содан», – дейді Зейнеп апамыз.

Біз зайырлы қоғаммен санасып отыруымыз керек. Мектептің өзінің заңы бар. Сол заңмен санасуымыз қажет. «Білім туралы» Заңның 49-бабы 2-тармағының 6-тармақшасына сәйкес, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдері білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес білімді, шеберлікті, практикалық дағдылар мен біліктілікті меңгеруге, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті.

Діни атрибутика элементтерін (хиджаб пен орамал) қосу, орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзу деп саналады. Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын зайырлы талаптарды сақтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Министрліктің айтуынша ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын ескере отырып және білім берудің гуманистік және дамытушылық сипатына баса назар аудара отырып жүргізіледі. Ата-аналарға міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабында қарастырылған. Бұл баптың 2-бөлігінде Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстанның білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы ескерту жасауға немесе 5 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.

ПІКІР ЖАЗУ