Квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді
Оқыту жиынына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры А.Идрисова, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен облыс аумағындағы жалпы саны 43 квазимемлекеттік сектор субъектілерінде адалдық стандарттарын қамтамасыз етуге жауапты 43 комплаенс офицер қатысты. Семинарда Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас инспекторы Бауыржан Досжанов «Үлгілі жобалық бағыт-4» жобасының негізгі бағыттары мен жобаның Түркістан облысында жүзеге асырылу барысына тоқталса, Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Алия Ахметова «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс ISO 37001 халықаралық стандарты» тақырыбы аясында ақпарат берді.
«Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуова комплаенс офицерлерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдаудың қағидасымен жіті таныстырып, оларға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, мүдделер қақтығысын болдырмау, ұйым қызметінің жемқорлыққа қарсы стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету міндеттерін түсіндірді.
– Сіздерге жауапты қызмет жүктеліп отыр. Әрбір квазимемлекеттік сектор ұйымдарында тағайындалған жауапты комплаенс мамандар бұдан былай мекеме ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, тәуекелдердің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады, – деп қорытындылады Ержан Жүнісов.
Естеріңізге салайық, мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін құру туралы шешім қабылдады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді іске асырудың бастауы екендігін куәландырады.
Институционалдық өзгерістерге қарамастан, парасаттылық идеологиясына негізделген жұмыстың жаңа форматы біз үшін басым болып қалуда. Алайда, сыбайлас жемқорлықпен шенеуніктерді ұстау ешкімнің көңіл-күйін көтермейтіндігін жақсы түсінсек те, жұмысымызды әлсіретуге ниетті емеспіз.
Өзімнің жаңа саладағы алғашқы постымда мемлекеттік аппараттағы келеңсіз құбылыстардың бірі – ел ішіндегі іссапарлар барысындағы қызметшілердің теріс қылықтары, отырыстар, алым-салық, дастархан жаю мен тарту жасаулар қоса жүретін тамыр жайған төменгі құрылымдарды жаппай тексерулерге назар аудартқым келеді.
Бұл проблеманың өткірлігі, әсіресе, облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің көптеген шағымдарымен расталады.
Аталған теріс тәжірибе өткеннің көзі бола отырып, адамдардың санасында терең тамыр жайған және отандық мемлекеттік қызметтің ұйымдастыру мәдениетін сипаттайтын норма сияқты қабылданады. Сонымен қатар, біз стандарттарына бой түзейтін ЭЫДҰ елдерінде мұндай мәселе жоқ, ешкім ешкімді қабылдамайды, ал тексерулер қашықтықтан бақылау есебінен жүзеге асырылады.
Түсінікті болу үшін атап өткім келеді, әрбір іссапар үшін тексерушілерге логистика, тұру және тамақтану шығындарын жабатын жеткілікті қаражат бөлінеді.
Алайда, тексерушілер өңірлерге жол жүргенде бөлінген қаражаттан тиынды да жұмсамауға айла табады. Жақсы қонақ үй нөмірі, күнделікті түскі ас және жиі мас күйіндегі төбелестер түріндегі салдарлары бар ең жақсы мейрамханаларда тұздалған қияры бар кешкі ас, қымбат сыйлықтар, монша және аң аулау – осының барлығы тексерілетін әріптестерінің жеке ақшасының есебінен.
Бақылаушылардың тәбетін біле тұра, жергілікті басшылар «талап деңгейінде» басшылықты қарсы алу үшін бизнесмендерге көмек сұрап жүгінеді. Мұндай көмек ешқашан тегін болмайды және әрі қарай шенеунік тарапынан ерекше қамқорлыққа айналады. Мұның бәрі қалай аяқталатындығын еске салудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Әсіресе, аумақтық мемлекеттік органдар елорда және облыстық орталықтан келген қонақтар үшін қызықты әрі ерекше демалыс ұйымдастыру арқылы осы «институтты» әдетті түрде қабылдап, тіпті, қолдап отырғаны қатты қынжылтады. Әдетте, бұл министрге немесе облыс әкіміне жағымды есеп беру, сондай-ақ жұмыстағы өрескел бұзушылықтарды бүркемелеу үшін жасалады.
Бұл ретте осындай мінез-құлықты ұлттық дәстүр мен шенге бас ұрушылық, басшылыққа көрсетілген құрмет арқылы ақтауға тырысатын адамдар бар екені таң қалдырады.
Осыған байланысты өңірлік іссапарларға, түрлі конференциялар мен семинарларға шығатын барлық мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың басшыларына айтарым: жоғарыда айтылған барлық тәжірибе жұмыстан босатудан бастап, бас бостандығынан айырудың нақты мерзіміне дейін қатаң санкциялар көзделген өрескел бұзушылық болып табылады. Бұл сол сияқты қабылдаушы тарапқа да қатысты.
Агенттік бұл мәселені жүйелі бақылауға алды. Жекелеген өңірлерде нәтижелер бар – кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылуда. Сонымен қатар, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында біз Үкіметке қашықтықтан мониторингке көшумен көшпелі тексерулерді оңтайландыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз.
Бұл жұмысты сапалы жүзеге асыруда азаматтық қоғам институттары маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Ол әрдайым Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес өткізеді. Мәселен, биыл 1 ақпан күні өткен шарада ол заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керектігін айтты.
Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударды. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.
– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.
– Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған.
Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жүйелер мен деректер базасының жұмысына қатысты мәселелерге арнайы тоқталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізу тапсырылды.
– Олар қандай міндеттер орындайды, оларға кімнің қолы жетімді, қанша қаржы жұмсалды, азаматтар мен мемлекетке одан қандай пайда бар? Цифрландыру жөніндегі жұмыстардың басымдықтары нақты жүйеленуі керек. Мемлекет қызмет түрлерін алуды шынайы түрде жеңілдететін «Электронды үкімет» немесе жүргізушілердің жол жүру тәртібін күшейткен және жол ережелерінің бұзылуын тіркеуде адами факторды алмастырған «Сергек» сияқты жобалар болса, онда жөн. Сонымен қатар егер цифрландыру деген желеумен бюджеттен қаржы жұмсалып, кейін ешкімге қажеті жоқ ресурстарға көрсетілген қызмет үшін біреулер миллиондап алатын болса, онда әңгіме басқа, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
– Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.