ҚР судьяларының IX сьезі болып өтті

Судьялар сьезіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

”Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды, – деді Мемлекет басшысы (Ақорда сайтынан).

Президент алдағы уақытта атқарылар міндеттерді белгілеп беріп, Жоғарғы Сот тарапынан жүргізіліп жатқан оң істерге атап өтті.

Одан кейін сөз алған Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев екі сьезд аралығында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Мемлекет басшысының сот жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтты.

Асламбек Амангелдіұлы кассациялық соттарды құру, тергеуде қамауға алынғандар үшін электронды білезіктерді қолдануды кеңейту, эксаумақтық соттылық аясын кеңейту, цифрлық соттарды енгізу, соның ішінде, робототехниканы қолдануды кеңейту, соттардың инфрақұрылымын едәуір жақсарту туралы баяндады.

Сьезде Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) президенті Франческо Депаскуале, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Пальма, т.б. сөз сөйледі.

Сьезд қорытындысында жаңа “Судья әдебі кодексі” қабылданды.

Сьезд делегаттары Жоғарғы Соттың судьясы Досжан Сарманқұлұлы Әмірді ҚР Судьялар одағының төрағасы лауазымына бірауыздан сайлады.

Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда судьялардың қауымдастығына жетекшілік жасау міндеті білікті судья, тәжірибелі заңгер, адал басшы, мемлекетшіл тұлғаға – Досжан Әмірге сеніп тапсырылды.

Сьезде басқа да ұйымдастыру мәселелері қаралып, ол бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

ПІКІР ЖАЗУ