Қорғаныс министрі Жетісу облысындағы салтанатты іс-шараларға қатысты

 Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Әуе қорғанысы күштерінің Талдықорған әуе базасына аты аңызға айналған ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры авиация генерал-майоры Сергей Луганскийдің есімін берді.

Облыс орталығында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен өңір басшысы Бейбіт Исабаев қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ, министр Ұлы Отан соғысының ардагерлері Төлеубай Шектібаев, Сәрсенбай Қантарбай және Ермақ Құсайыновтың үйінде болды. Ол майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Жеңіс күніне орай Мәдениет үйінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың және қала тұрғындарының қатысуымен іс-шара өтті.

Ол Ұлы Отан соғысындағы халықтың ерлігіне арналған концертпен аяқталды. Сонымен қатар, қала тұрғындары үшін орталық алаңда дәстүрлі сарбаз ботқасы ұйымдастырылды.

ПІКІР ЖАЗУ