Конституция жобасында сөз бостандығына шектеулер жоқ – сарапшы

Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын талқылау медиақауымдастықтың ерекше назарын аударып отыр. Әсіресе сөз бостандығына берілетін кепілдіктер мен БАҚ жұмысына қойылуы мүмкін шектеулерге қатысты сұрақтар көп. Ең сезімтал мәселелердің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын іске асыру шектерін айқындайтын 23-бап. Осы нормаларға және жалпы Ата заң жобасына қатысты бағасын BAQ.KZ тілшісіне «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманкұлова берді.

Қарлығаш Жаманкұлованың айтуынша, бүгінде Конституция жобасының 23-бабына қатысты айтылып жүрген алаңдаушылықтар баптың мазмұнынан гөрі, жекелеген тұжырымдардың қабылдануымен байланысты. Оның үстіне, бұл – әлі де қаралымдағы нұсқа. Ал бапта көрсетілген шектеулер бұған дейін де қолданыстағы Конституцияда болған, тек басқа баптарда көрініс тапқан.

23-бапта көрсетілген барлық шектеулер қолданыстағы Конституцияда да бар еді. Олар бұрын 12-бапта қамтылған. Егер қателеспесем, 13-бап та болған, онда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мәселесі қарастырылған. Яғни біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз өзгенің құқығы басталған жерде тоқтайды, – деп түсіндірді Жаманкұлова.

Сарапшылар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарға қатысты тұжырым да қызу талқылауға түскен. «Әділ сөз» қорының басшысы бұл терминнің бастапқыда түсіндірілуі екіұшты болғандықтан сұрақ туғызғанын айтады. Конституциялық комиссия жұмысы барысында бұл тұжырым халықаралық құқықтық тәжірибеге сай етіп түзетілген.

Даулы тұс – рухани-адамгершілік құндылықтарға қатысты терминология болды. Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин бұл ұғымның өзгертілгенін түсіндірді. Жаңа редакцияда халықаралық тәжірибеде қолданылатын public morality, яғни қоғамның адамгершілік нормалары деген түсінік енгізілді. Ол қазір Конституция жобасының қаралымдағы мәтінінде бар, – деді ол.

Жалпы Конституция жобасына баға берген Қарлығаш Жаманкұлова қор өкілдері реформаларды талқылауға парламенттік өзгерістер кезеңінде де, Конституциялық комиссия аясында да қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, медиақауымдастық көтерген негізгі ескертпелер ескеріліп, жұмыс тәртібімен пысықталған.

Ол сондай-ақ Конституцияның соттарда тікелей қолданылмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, негізгі тәуекелдер мен жауапкершілік кейінгі кезеңге – азаматтық, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы жаңа конституциялық нормаларға сәйкестендіру сәтіне түседі.

Шайтан әрдайым егжей-тегжейде жасырынады. Конституция соттарда тікелей қолданылмайды. Бұл – барлық салалық заңнаманың негізі болатын ортақ заң. Азаматтық кодекс те, әкімшілік және қылмыстық заңдар да осы Конституциядан туындайды. Негізгі жауапкершілік алда – осы заңдардың барлығы Конституцияға сәйкестендірілетін кезде, – деді сарапшы.

БАҚ саласындағы заңнаманың алдағы дамуына қатысты сұраққа жауап берген «Әділ сөз» қорының президенті журналистерді қорғау және редакциялардың экономикалық тұрақтылығы мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін нақты жауапкершілік тетіктері болмайынша, сөз бостандығы туралы толық айту қиын.

Қарлығаш Жаманкұлованың пікірінше, журналистердің жұмысына тосқауыл қою үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Ол Қылмыстық кодекстің 158-бабы іс жүзінде қолданылмай отырғанын айтып, бұл норманы күшейту, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілік енгізу керектігін жеткізді. Бұл қадам кәсіби журналистерді қорғауға көмектеседі деп есептейді.

Сонымен қатар, ол қазақстандық БАҚ үшін жарнама нарығының қысқаруын жүйелі мәселе ретінде атап өтті. Редакциялар табысының азаюы жағдайында, оның айтуынша, медиа саласын қолдаудың балама, нарықтан тыс әрі мемлекеттік емес тетіктерін енгізу қажет.

Тәуелсіз қаржы – тәуелсіз редакция. Әлемде мемлекеттік емес, коммерциялық емес қолдаудың түрлі нысандары бар, оларды бізге де енгізу керек. Бұл – арнайы қорлар, салықтардың бір бөлігін қайта бөлу, Google, TikTok, YouTube сияқты платформалардан түсетін қаражатты нарыққа қайтару секілді тетіктер болуы мүмкін. Бұл БАҚ-тың дамуына мүмкіндік береді, – деп түйіндеді «Әділ сөз» қорының президенті.