Коммуналдық тарифтер қалай өзгереді? – эксперт түсіндірді

Коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтік саясат мәселелері теңдестірілген және жүйелі тәсілді талап етеді. Шешімдер қабылдау кезінде реттеуші тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгерімін сақтауды қамтамасыз етеді. Аталған мәселелерді талқылау ашықтық, негізділік және пәндік талдау негізінде жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Инфрақұрылым тозды – негізгі мәселе осы

Ең алдымен, елдің коммуналдық инфрақұрылымы көптеген жылдар бойы жоғары тозу жағдайында болғанын айту керек. Жүйелі инвестициясыз бұл сөзсіз апаттың өсуіне, қызмет сапасының нашарлауына, жылу, су және электр қуатының үзілуіне әкеледі.

Сондықтан 2023 жылдан бастап ТКШ инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс басталды. Осы уақыт ішінде 19 мың шақырымнан астам инженерлік желілер жөнделді, яғни жұмыс көлемі 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Бұл жыл сайын тозудың орта есеппен 3%-ға төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Орташа тозу деңгейі 53,7%-ды құрайды, оның ішінде жылумен жабдықтау – 52%, электрмен жабдықтау – 59%, сумен жабдықтау – 48,2%, су бұру – 55,6%.

Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері қызметкерлерінің жалақысы 50-100%-ға өсті, яғни 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін көтерілді. Ал 2029 жылға қарай инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін нормативтік жұмыс деңгейіне дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Тариф неге өседі

Бүгінгі күні тарифтік саясат халыққа жүктемені барынша азайтуды қамтамасыз ететін және күрт өзгерістерді болдырмайтын кезең-кезеңмен және теңгерімді тәсіл негізінде құрылған. Бұл жерде маңызды нәрсе – тарифтердің бақылаусыз өсуі туралы сөз болып отырған жоқ. Керісінше, коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және болашақта одан да қымбатқа түсетін проблемалардың алдын алу көзделген.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өзіндік құнын тұрақтандыруға, соның ішінде электр энергиясы мен өндірушілер үшін теміржол тасымалының құнын реттеуге ерекше назар аударылды.

Тарифтердің өзгеру себептері де объективті және түсінікті. Бұл инфляция деңгейіне индекстеу, көмір, мазут, жанар-жағармай секілді стратегиялық ресурстар құнының өсуі, желілер мен жабдықтарды жаңғырту қажеттілігі, өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеуді арттыру, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдар мен тауарлық газ бағасының көтерілуімен байланысты.

Бақылау күшейді

Соған қарамастан, мемлекеттің ұстанымы өзгермейді: тарифтегі әрбір теңге негізделген, ашық болуы және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Осы бағытта бақылау да күшейтілді. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне жүргізілген тексерулер нәтижесінде шамамен 14 млрд теңгеге уақытша өтемдік тарифтер бекітілді. Сонымен қатар 535 әкімшілік іс қозғалып, 922,92 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Айыппұлдардың ең ірі сомалары Шымкент, Алматы және Қарағанды өңірлеріне тиесілі. Негізінен заңбұзушылықтар бекітілген инвестициялық бағдарламаларды орындамау, қызмет көрсету сапасы талаптарын бұзу және тұтынушыларға есеп берудің мерзімін сақтамаумен байланысты болған.

Бұдан бөлек, жылу беру кезеңінде есепке алу құралдарынсыз қызмет көрсеткен субъектілерге қатысты қайта есептеу жүргізіліп, 1 554,68 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Бұл мемлекеттің бақылауы формалды емес екенін, нақты нәтиже беретінін көрсетеді.

Ұлттық жоба қалай іске асып жатыр?

Сонымен қатар инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғырту мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілді: нормативтік база, қаржыландыру, инвестициялық жобалар және коммуникация.

Нәтижесінде 17 пилоттық жобаның 6-уы іске асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, Шымкент пен Түркістан облысында электр желілері жаңартылып, ондаған мың тұтынушы үшін электрмен жабдықтау сенімділігі артты. Тайыншада жылу желілерінің тозуы айтарлықтай төмендеді, ал Теміртауда мыңдаған адам үшін жылумен қамтамасыз ету жақсарды.

2026 жылдың жоспары қандай?

2026 жылы бұл жұмыс жалғасады. Ел бойынша 7,6 мың шақырым коммуналдық желілерді жөндеу жоспарланған.

Халық қалай қорғалады?

Бұл ретте тарифтік саясат әлеуметтік қолдаумен тығыз байланысты. Әлеуметтік осал топтар тұрғын үй көмегі арқылы қорғалады. Егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын отбасы табысының 5-10%-ынан асып кетсе, айырмашылық мемлекет тарапынан өтеледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай көмекті 10 057 отбасы алған.

Цифрландыру да қатар жүріп жатыр

Сонымен қатар салада цифрландыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. SMART TURMYS жүйесін енгізу, электрондық сатып алу платформаларын дамыту арқылы процестердің ашықтығы артып, төлемдерді бақылау жеңілдейді.

Эксперттер не дейді?

Осы орайда ҚР ҰЭМ ТМРК төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев тариф саясатына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, тарифтерді өзгерту жұмыстары жалғасуы мүмкін, алайда күрт өзгерістер болмайды.

Әлі де тарифтерді өзгерту және қарау бойынша жұмыстар жалғасуы мүмкін. Сол себепті ұсынылған өтінімдердің аясында әрі қарай да талқылаймыз. Уәкілетті органдарға мұндай өтінімдер түскен жоқ. Ештеңеде күрт өзгермейді. Бүгінгі отырыста оған әсер ететін кейбір жағдайлар талқалынды. Бұл саладағы маман тапшылығы мәселесі де қозғалды. Егер салаға инвестиция тартылса, оны бақылайтын мемлекеттік жұмыстарды күшейту де сөз болды, – деді ол.

Сондай-ақ ол салада заңбұзушылықтар бар екенін де жасырмады.

Кейбір жағдайлар да заңбұзышылық болуы мүмкін. Бақылаушы мен тұтынушының арасында есеп-қисап дұрыс жүргізілмейтін жағдай болады. Мұндай 700-ден астам арыздар түсті. Кейбір субьектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түбіртектегі бағалардан қате кеткен, көлемін дұрыс есептемеген. Сондықтан түбіртекті тексеріп, дер кезінде хабарлап отыру қажет. Әртүрлі монополистер бар. 1 млрдқа жуық соммаға әкімшілік жауапкершілік тартылды. 14 млрд теңгені қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Нұрлан Болатбаев.

Ал «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ вице-президенті Марат Мұстафин тарифтердің өсуіне қатысты мораторийдің нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, тарифтер бірден емес, кезең-кезеңімен көтеріледі.

Өздеріңізге мәлім былтыр жылдың аяғында тарифтердің өсуіне қатысты мораторий жарияланды. Тарифтердің бәрі уақытша тоқтатылды. Ол 1 сәуірге дейін созылатыны айтылды. Мораторий өз пайдасын тигізді. Жалпы азық-түлікті ұстауға басқа да жағдайда халықтың шығынын артық төлемеуге септігін тигізді. 2026 жылы көптеген мекеменің тарифтері қаралып, бекітілді, алайда қолданысқа енбеді. Қазір жоспар бойынша бірте-бірте сәуір, мамыр және маусым айларында республика бойынша тарифтер ақырындап көтеріледі. Тариф бірден көтерілмейді, әрбір өңірдегі мекемедегі жағдай қаралады. Сондықтан халықты шошытатындай тариф көтерілмейді, – деді ол.

Сондай-ақ ол тарифтер ұзақ мерзімге бекітілетінін атап өтті.

Базалық субьектілер 5 жылға дейін жоспарларын бекітеді. Мәселен, биыл бекітілген тарифтер 5 жыл бойы жұмыс істейді. Алайда тариф әртүрлі болады, инфляцияға байланысты болады. Халыққа салмақ болмас үшін жыл сайын біртіндеп көтеріліп отырады, – дейді Марат Мұстафин.

Жалпы алғанда, тарифтік саясат инфрақұрылымды жаңарту, қызмет сапасын арттыру және халыққа түсетін жүктемені теңгеру қағидатына негізделген. Ең бастысы – тарифтердің өсуі бақылауда және кезең-кезеңімен жүзеге асады