Қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзғандарға 249 млн. теңгеден астам айыппұл салынған
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты жүргізіліп келеді. Аудан, қалаларда жалпы 450 ауқымды сенбілік өткізілді. Оған 6 мыңға жуық тұрғын қатысып, тиісті техникалар жұмылдырылған. Нәтижесінде 98,7 тонна қоқыс шығарылды.
Биыл Түркістан облысында қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 23 мыңнан астам хаттама толтырылып 249,5 млн. теңгеге айыппұл салынды. Бағдарлама басталғалы бері ескертулер мен салынған айыппұлдар саны 4 есеге ұлғайған. Сондай-ақ, 11 004 жеке тұрғын үй мен 6 147 кәсіпкерлік нысанына мониторинг жүргізілді. Оларға 1143 ескерту және 620 айыппұл салынды.
Бүкіләлемдік тазалық күніне орай облыстың барлық аумағында сенбіліктер өткізілді. Жалпы жыл соңына дейін 807 сенбілік өткізу жоспарланған. Өңірдегі тазалық мәселесі бойынша телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда 431 өтінім түскен. Оның ішінде 415-і орындалған. Бағдарламаны тұрғындарға кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде. Мәселен өткен айдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 96 өтінімге немесе 29,4 пайызға өскен.
Түркістан облысында өткен аптада 11 ауданның 30 елдімекенінде сенбілік өткізілген. Оған 6 мыңдай тұрғын қатысып, техникалар жұмылдырылған. Нәтижесінде 98,7 тонна қоқыс шығарылды. Соның ішінде Созақтағы ауқымды сенбілікке 3500-ден астам адам атсалысып, 17 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілді.