Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда енгізілген сервистік тәсілдің тәжірибесі кең етек алды
Түркістанда қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда енгізілген сервистік тәсілдің тәжірибесі кең етек алды. Бүгінде статистикалық деректер толықтай жинақталды. Халық арасында сауалнама жүргізіліп, қауіпсіздік мәселелеріне талдау жасалды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топпен атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.
Талдау барысында, Түркістан қаласында соңғы 3 жылда (2019-2021) ұрлық фактілері төмендегені анықталған. Алайда қоғамдық орындар мен мейрамханаларда орын алған бұзақылықтар артқан. Соңғы үш жылда кафелерге түскен шақыртулар саны зерттелді. Нәтижесінде Жедел басқару орталығына осы уақыт ішінде 400-ге жуық шақырту түскен. Қаладағы тамақтандыру орындарының жалпы саны – 200. Қауіпсіздік мәселелерін жою жөніндегі ұсынымдар әзірленді.
Бір жыл бұрын Түркістан облысының әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылған. Бұл топқа облыстың барлық құзырлы орган өкілдері кірді. Жобалық топтың зерттеулер жүргізуі заманауи шетелдік аналитикалық құралдың көмегімен жүзеге асырылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдің қолданыстағы модельден айырмашылығы – негізінен профилактикалық әдістерде, барлық мемлекеттік органдар мен қоғамның қауіпсіздік проблемаларын шешуде, құқық бұзушылықтарға емес, заңға бағынатын азаматтарға назар аудару басымдығында. Ведомствоаралық топ облыс әкімінің өкімімен мемлекеттік құрылымдар мен халық арасында тұрақты сенімді қарым-қатынас құру негізінде қауіпсіздік проблемаларын анықтау және шешу мақсатында құрылды.
Жалпы, полицияның сервистік моделін кеңейту құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.