Келешекке арналған жоба

 АЭС туралы айта бастағанда, көлденеңдеп көп сауал алдымыздан шығады. Солай болуы заңды да. Бұрын-соңды жасап көрмеген ісіміз болған соң күмәндану – адами түйсікке тән құбылыс. Бірақ жөнсіз қорқынышқа жол берудің тағы орайы жоқ дейді кәсіби мамандар. Көпшілік айтып жүрген көп түйткілдің екеуі – АЭС-ке жауапты жергілікті мамандардың даярлығы және мәселенің экологиялық қыры жөнінде сарапшылар пікірін білудің сәті түскен еді.

Өзіміздің мамандарды өзекке теппейміз

Атом энергетикасы ісін­де алдыңғы қатардағы меке­ме саналатын «Ұлттық ядро­лық орталықта» 74 және 54 жыл бұрын салынған екі зерттеу реакторлық кешені бар. Бұл реакторлар ғылыми зерттеу мен көптеген жобаны іске асыруда маңызды рөл атқарады. Қазір орталықта еліміздің әр өңірінен келген жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Десе де, «ескінің аты – ескі» деп халық тарапынан көлдей күмән туады. Одан бөлек отандастарымыздың көкейінде АЭС-ке қатысты қаншама сұрақ бар. «Ұлттық яд­ро­лық орталықтағы» Энер­гия институтының экс­пе­ри­менттерді жобалау және басқару қызметінің басшысы Асхат Дүйсенбаев орталықтың жетістіктері мен болашақтағы жоспарларын айтып, көңілімізді орнына түсірді. Ол осы реакторлар жұмысына тікелей қатысып, олардың пайдалануын және жетілдірілуін жіті бақылап отырады екен.

«Біз өзіміздің инженерлер командасымен мақ­танамыз. Олар жоғары нә­ти­же көрсетіп, кәсіби дағ­дыларын үнемі жетілдіріп отырады. Орталық жаңа мамандарды белсенді тартып, оларды ішкі стандарттар мен қажеттіліктерге сәй­кес даярлайды. Біздің салаға бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен дәріп­телу жетіспейді. Ғылым мен ядролық энергетиканы насихаттау өте маңызды. Атом энергетикасын жедел түрде дамыту қажет. Көмір мен мұнай сияқты дәстүрлі ресурстар таусылып жатыр. Сондықтан тұрақты энергия көздеріне, атап айтқанда, атом электр стансаларына назар аударатын кез жетті. Қазіргі жаңа реакторлар қауіпсіздіктің жоғары дең­гейімен және апаттық жағ­­дай­лардың минималды қау­пі­­мен ерекшеленеді», деді А.Дүйсенбаев.

Маман жөндеуші, слесарь және инженер сияқты ірге­лес сала мамандарын тар­ту­дың өзектілігін де атап өтті. Расында, жұмысшы ма­ман­дықтар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­дарының жәй-күйі алаң­да­тар­лық хәлде тұр. Дамыған елдер нарық пен өндіріске қажетті білік­ті кадр даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін бір ізге қойған. Тіпті БҰҰ декларация­сы бұл жүйені мыңжылдық даму мақсатына жатқызған. Өнді­ріс, ауыл шаруашылығы, басқа да жұмысшы маман­дықтар қарыштап дамып, жұ­мыс­шы­лар­мен толық қам­тылса, ел эко­номикасының тасы өрге домалар еді.

 

Атом энергетикасына көшу импорт үлесін азайтады

Мұның бәрі – әңгімемізге өзек болып отырған электр энергиясының үдемелі тап­шылығына қатысты жанама түйткілдер. Оларды айналып өтсек тағы болмайды. Елі­міздің негізгі өндіруші қуаттары тозып тұр, оған қоса экологиялық сын-қатерлер есігімізді қаға бастады. Осы түйткілдердің шешімі ретінде мемлекет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытын қабылдады. Тәуелсіз эколог Бекберген Керейдің сөзінше, атом энергетикасына көшу көрші елден жасалатын импорт үлесін азайту­ға елеулі үлес қоса алады.

«Елімізде 148 жаңар­ты­ла­тын энергия көзі­нің ор­на­тылғанына қарамастан, олар­дың қуаты тұрақты энергия­мен қамтамасыз ету үшін жет­кі­ліксіз. АЭС тұрақты энергия беруді қамтамасыз ете алады және тапшылықты өтей алады. АЭС құрылысын Балқаш маңында жүргізудің өзіндік себептері бар. Біріншіден, елдің орталығында орналасқан Балқаш көлі – орналасуы мен жоғары энергия тұтынатын аймақтарға жақындығы арқы­лы болашағы зор алаңға айналып отыр. Екі қуатты реакто­ры бар атом электр стансасынан электр энергиясын өндіру үшін жабық циклде пайдаланылатын 63 млн текше метр су қажет. Бұл көлдің табиғи булануының тек 0,32%-ын құрайды», дейді ол.

Осы тұста Қазақстанның электр энергетикалық қа­уым­дастығының төрағасы Талғат Темірхановтың да пікірін ұсынайық. Ол ядролық энергетикаға көшу көмір өнеркәсібіне жұмсалатын шы­ғындардың артуына ғана емес, сонымен қатар көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық мін­деттемелерді орындау қа­жет­тілігіне де байланысты екенін атап өтті.

«Болашақта бізге не ма­ңызды? Көмір өндірісін қол­дауға қаражат құяр бол­сақ экологиялық міндет­те­ме­лерімізді, елдік міндет­темелерімізді орындамаймыз. Сонымен қатар халық көкейінде жүрген тағы бір сауал – АЭС өндірген электр энергиясының құнына бай­ланысты. Болашақ тариф, әсіресе көршілерден электр энергиясын сатып алуды ескере отырып, ағым­да­ғы тарифтерден аспай­ты­нын айта аламыз. Қа­зір көп­те­ген отандасымыз атом электр стансасы арқы­­лы өнді­рілетін электр энер­­гия­сы қымбат болады деп қа­телеседі. Біздің баға­лауы­мызша, бұл көр­ші­лерімізден алатын ең жо­ға­ры жүктемелердегі пери­то­ка­лар үшін төлейтін баға­дан қым­бат болмайды», деді Т.Темірханов. 

ПІКІР ЖАЗУ