Келес: жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен арыз-шағымдардың орындалу барысы талқыланды

Келес ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушысы Ерлан Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімі аппаратына қарасты мемлекеттік мекемелерге жыл басынан қазіргі таңға дейінгі жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен арыз-шағымдардың орындалу барысы және Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша жиын өтті.

Жиынға дербес бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері қатысты. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының жалпы, ақпараттандыру және әкімшілік бөлімшесінің бас инспекторы Алайдар Омаров пен аудан әкімі аппаратының заң бөлімшесінің бас инспекторы Ғалымжан Бижигитов баяндама жасады. Алғашқы хабарламашасы заңды және жеке тұлғалардан келген өтініштерге талдау жасап, ішінара мониторинг жүргізу нәтижесін баяндады.

– Өткен жылмен салыстырғанда ауыл және ауылдық округтерінде өтініштер саны азайған. Өтініштердің басым бөлігі табиғи газ, жол, жарық, жер мәселелеріне қатысты жазылған.  Келген өтініштерді Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексін басшылыққа ала отырып тіркеуді қолға алу қажет, – деген Алайдар Омаров кемшіліке жол берген қызметшілредің жауапкершілігі қарау бойынша ұсыныс енгізілетінін атап өтті.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормалары аудандық заң бөлімшесі тарапынан  түсіндіріліп, бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округтерінің әкімдеріне түскен өтініштерге сапалы әрі нақты, өз уақытында  жауап беру тапсырмасы жүктелді.

ПІКІР ЖАЗУ