Келес: ауыл мұғалімнің 4000-ға жуық шәкірті химиядан грант иегері атанған
Келес ауданындағы №13 Т.Бигелдинов атындағы жалпы білім беретін мектебінің химия пәнінің мұғалімі Исмайлов Рахымжан Эргешович 23 жылдан бері балаларды химия пәнінен оқытып келеді. Соңғы 10 жылдың өзінде 4000-ға жуық шәкірттері грант иегері атанды. Білікті педагог қосымша білім беру орталығында да сабақ береді. Оны көршілес аудандардан іздеп келетін оқушылар да бар.
– Елімізді кемел келешекке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Ал мектептің жүрегі – мұғалім екені даусыз епес пе? Шәкірт ұстазға қарап өседі. Оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға білім, биік парасаттылық керек. Қазір мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаған Келес және Сарыағаш аудандарының мектеп түлектері еліміздің үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Мен үшін мұғалім болу мәртебе. Оқушыларым медицина, химия саласында еліміздің дамуына өз үлесін қосса мен бақыттымын,-дейді химия пәнінің мұғалімі.
Айта кету керек білікті педагог дайындаған оқушылардың көпшілігі Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қарағанды қаласындағы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы сияқты жоғары оқу орындарында білім алған.
Сондай-ақ, Рахымжан Эргешовичтің шәкірттері аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары. Атап айтқанда 9-сынып оқушысы Сайданова Жанат Химия пәнінен Қ.Сәтбаев атындағы V Республикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде жоғары білім деңгейін көрсетті. Ал, 11-сынып оқушысы Аманбаева Марал Химия пәнінен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасымен бірлесе өткізілген III облыстық Менделеев олимпиадасына қатысып, жүлделі орынға ие болды.
Оның авторлығымен жақында 7-8 сыныптар мен 10 сыныптарға арналған «Химия пәнінен тесттер жинағы», «ҰБТ-ға дайындық» әдістемелік жинақтары жарыққа шықты.