Келес ауданында 500 ағаш көшеттері егілді

Келес ауданында күзгі көшет егу жұмыстары жалғасуда. Ағаш отырғызу адам өміріндегі ең маңызды істердің бірі деген келестіктер игі іске жұмыла кіріскен. Көшет егу жұмысын аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев бақылауда. Ізгі шараға аудан басшысы атсалысып, Абай Құнанбаев ескерткіші орналасқан аллея аумағына тал екті.

– “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” деген аталы сөзді ұран еткен жерлестеріміз күзгі тал егу жұмыстарына белсенді кірісті. Ағаш жемісімен, жапырақтарымен, көлеңкесімен және отынымен бізге пайдалы. Барша аудан тұрғындарын өз үйлерінің аумағына тал егіп, қоршаған ортаның көгалдануына сеп болуға шақырамын, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, аудан аумағын әр әкімшілік бөлініске сәйкес округ әкімдіктерінің ұйымдастыруымен тазалық, ағаш егу жұмыстары жүргізілуде. Ал аудан орталығы Абай ауылының аумағы дербес бөлімдерге сектор кескінімен бөлініп, ағаш көшеттерінің жергілікті климатқа сәйкес келетін түрлері егілуде. Күзгі ағаш егу науқанында 500 көшет егілу көзделіп, іске асырылды.

ПІКІР ЖАЗУ