Кейбір инвестор тапқан табысын тек қалтаға басқанды жөн көреді – Президент
Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет халықаралық қаржы институттарымен, трансұлттық корпорациялармен және отандық кәсіпкерлермен арадағы сындарлы диалогты нығайта түсуі қажет. Жалпы, еліміздің болашақтағы индустриялық келбеті қандай болады, қандай кәсіпорындар маңызды рөл атқарады деген сауалдарға жауап болуға тиіс. Яғни, уақыттың талабына сай белсенді жұмыс істеу керек, – деп айтты Президент.
Тоқаев қазіргі өндіріс орындарын түбегейлі жаңғырту мәселесі өзекті міндет екенін атады. Бұл жұмысты, ең алдымен, әбден тозған металлургия комбинаттарынан бастау керегін тапсырды.
Өйткені, ондағы жағдай өте нашар деуге болады. Себеп – бәрімізге белгілі. Өндірісті дамытуға және жаңғыртуға қажетті инвестиция салынбайды. Соның салдарынан дайын өнімнің қосылған құны төмендейді, сапалы жұмыс орындары азаяды Бұдан бөлек, өндірістің техникалық жағдайына да қатаң бақылау жасап отыру қажет. Кейбір инвестор тапқан табысын тек қалтаға басқанды жөн көреді. Еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге мүлде назар аударылмайды. Мұндай жағдайға бәріміз куә болдық, – деп айтты Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президент осы себептен Қарағанды комбинаты ұлттық инвесторға берілгенін айтты.
Оған берілуінің басты себебі – инвестордың кәсіпорынды кешенді түрде жаңғыртамын деген ниетінің болуы. Өндірістің жұмысын тоқтатпау және апатты жағдайға жол бермеу үшін кен орнын дереу қалпына келтіру, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту керек. Сондай-ақ, жаңа өндірістер ашып, қосылған құны жоғары тауарлар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн. Жоғары технологиямен сапалы құрыш құю тәсілін меңгеру керек. Мұндай өнімдер көлік жасау өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажет. Алдағы бес жылда кәсіпорын өндіріс қарқынын барынша арттырып, ТМД-да көш бастап тұрған металлургия комбинаттарының қатарына қайта қосылуы керек, – деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.