Қазығұртта студенттермен пікір алмасу өтті
Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полициясының зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Өмірәлиева мен «Отбасын қолдау» бөлімшесінің психологы Ш. Алдабекова колледж студенттерімен кездесу өткізді. Онда жастарға отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен олардың заңды құқықтарын түсіндірді.
Сондай-ақ студенттермен ашық пікір алмасу, отбасын құруды жоспарлау, отбасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі, ұрпақтар теориясы, заң аясында жүріп-тұру, қылмыстық құқық бұзушылықтың салдары, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу сияқты тақырыптарда сөз қозғалды.
Полицейлер студентерге мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатындығын еске салды.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Өмірәлиева: «Тұрмыстық зорлық- зомбылық — бір адамның екінші адамға, не туыстарының бірінің екінші туысына зорлық көрсетуі. Отбасылық қарым-қатынастағы құқыққа қайшы әрекеттердің басым бөлігі жасырын түрде, білінбей қалады. Осылайша бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мәселесін қиындатады. Сондықтан бұл жағдайда қорықпастан міндетті түрде «102» арнасына немесе «111», «150» жедел желілеріне хабарласу қажет», – деді.
Сөз соңында жастар арнайы мамандарға сауалдарын жолдап, өзара пікір алмасты.