Қазығұрт: аудандық кітапханаға жаңа басшы тағайындалды

Қазығұрт аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Абай Серкебаевтың бұйрығымен осы бөлімге қарасты «Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымына Айтубай Райымбай Таубайұлы тағайындалды.

Айта кетейік, Райымбай Айтубай еңбек жолын 1980 жылы «Ленин өсиеті» («Қазығұрт тынысы») газетінің баспаханасында газет басушы болып бастап, кейіннен осы баспа үйінде корректор, әдеби қызметкер, фото тілші, 1998-2000 жылдары аудандық баспахананың директоры қызметін атқарды. 1999-2003 жылдар аралығында екінші шақырылымдағы мәслихат сайлауында Қазығұрт аудандық мәслихаттың депутаты, 2000-2004 жылдары аудандық «Қазығұрт тынысы» газеті редакторының бірінші орынбасары, 2004-2005 жылдары «Қазығұрт айнасы» тәуелсіз газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. 2005-2012 жылдары Қазығұрт аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде директордың орынбасары болып қызмет атқарып келді.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Абай Серкебаев жаңадан тағайындалған директор Райымбай Таубайұлын «Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ұжымына таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

ПІКІР ЖАЗУ