Қазақстандық параспортшы Паралимпиада лицензиясын жеңіп алды

 Қазақстандық пара спортшы Темірхан Дайырбек академиялық ескек есуден Азия чемпионатында жеңіске жетіп, Парижде өтетін Паралимпиада лицензиясына ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Чемпионат 18-21 сәуір аралығында Оңтүстік Кореяның Чунджа қаласында өтті.

Темірхан PR1m1X академиялық ескек есуден 2000 м қашықтықты 9 минут 38.81 секундта өтіп, бірінші орынға ие болды.  Екінші орынды 9:40.52 нәтижесімен Жапондық спортшы Мори Такуиа иеленді, ал үшінші орынға 10:01.15. уақытымен Шри-Ланканың спортшысы Приамал Джакоди тұрақтады.

Темірхан Дайырбек – 2004 жылы туған, Түркістан облысының спортшысы. Пара академиялық ескек есумен тек 1 жыл ғана кәсіби тұрғыда айналасып келеді. Оның жеке бапкері Фаррух Хамракулов.

Бұл қазақстандық спортшылардың  Париж Паралимпиадасына ұтып алған 12-ші лицензиясы. Бұған дейін жолдаманы пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара каноэдан Бибарыс Спатай, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков,пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы, пара жүзуден 3 лицензия және пара таеквондодан Камиля Досмалова, Нышан Омирали және Нұрлан Домбаев алған болатын.

Айта кетсек, 17-ші жазғы Паралимпиада биыл Парижде 28-ші тамыз бен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.

ПІКІР ЖАЗУ