Қазақстан зайырлы – біртұтас мемлекет

Қазақстан тарихының жетпіс жылдық кезеңі кеңес дəуірі ретінде тарихқа енді және түбегейлі өзгерістер əкелген кезең ретінде тарихта қалды. Бұл кезең отандық тарихта атеизмді күштеп енгізілуімен ерекшеленді. Кеңес одағы құлағаннан кейін, елімізде рухани дәстүрлер мен діни құндылықтар қайта жаңғырды. Мешіт, шіркеу, мінәжат үйлері сияқты жаңа ғибадатханалар салынды, ескілері қайта жаңартылды. Құрбан айт пен Христиандық Рождество діни мейрамдары демалыс күндері болып жарияланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен көптеген діни бірлестіктер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынастар орнады. Осындай дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп белгіленген. Зайырлылық қағидаты бойынша Қазақстанда дін мемлекеттен ажыратылған. Мемлекетімізде зайырлылық кеңінен қанат жайған. Дінге, сөзге, сенімге ешқандай шектеу жоқ.
Бүгінде еліміз әлемге түрлі ұлттар мен конфессиялардың өкілдері бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқан зайырлы мемлекет ретінде танымал.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде өзінің билік жүйесінде дін істеріне араласпағанымен, сан ғасырдан қалыптасқан бейбітшілік пен бауырмалдықты насихаттайтын құндылықтар халық арасында тереңге тамырын жайған еді. Халқымызда сүндетке отырғызу, жас жұбайлардың некесін қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан айту, садақа, пітір, бата беру сынды т.б. діни дәстүр-әдептер өзінің өміршеңдігін айқындап келеді.

Зайырлылық мемлекет пен дін қарым-қатынасына ешқашан тосқауыл қоймаған. Бұл қағидаға сәйкес мемлекет діннің ішкі ісіне қол сұқпайды. Бірақ дін мемлекеттің бақылауында болады. Мемлекет азаматтармен қарым-қатынаста олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Сонымен қатар, дін де мемлекеттік саясатқа араласпайды.

Дегенмен, мемлекет діннен бөлінгеніне қарамастан егер діни бірлестіктер ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады. Мұндай тыйым салулар Қазақстан тәжірибесінде аз кездескен жоқ. Қазақстанда бірқатар террористік, экстремистік, оккульттік-мистикалық деп танылған құрылымдардың қызметіне тыйым салынған. Елімізде мыңдаған адамдарды өз уағыздарына иліктірген мұндай діни бірлестіктердің шын мәнінде қоғам үшін өзінің қауіпті екені дәлелденген болатын.

Зайырлылық адамдарға түрлi дiндерге сенушiлiгi, пiкiр мен сенiмдерiнiң айырмашылығына қарамастан тату-тәттi өмiр сүруiне мүмкiндiк бередi. Сондықтан да қоғамның зайырлы болуы игiлiк пен қажеттiлiктен туындайды. Зайырлы мемлекеттiң негiзгi белгiсi – баршаға бiрдей дiндi мiндеттемеу болып табылады.
Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге көзқарасына қарамастан заң алдында тең. Бiздiң мемлекетiмiздiң әрбiр азаматы дiнге сенушi немесе атеист болуға құқылы. Мемлекет азаматтардың дiни қажеттiлiктерiн қанағаттандыруы үшiн барлық қажеттi жағдайларды жасайды.
Дегенмен, зайырлы мемлекетте заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзiнiң дiни нанымына сiлтеме жасай отырып, өзiнiң азаматтық мiндеттерiн орындаудан бас тартуға ешкiмнiң құқығы жоқ екендігін атап өткен жөн.

ПІКІР ЖАЗУ