Қазақстан мектептерінде жаңа пән пайда болды

Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап жасанды интеллект технологиялары оқу процесіне енгізіле бастады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоба Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп әзірленген тұжырымдамаға негізделген. Енді ЖИ оқу процесінде қосымша білім беру құралы ретінде қолданылады.

200 мыңға жуық педагог арнайы дайындықтан өтті. Олар бүгінде жаңа бағдарламамен сабақ беріп жүр. Жасанды интеллект – оқытудың сапасын арттыратын, білімді жан-жақты игеруге көмектесетін құрал. Бірақ ол ешқашан мұғалімді алмастырмайды, педагогтің негізгі рөлі әрқашан сақталады, – деді Жұмашев.

Ең маңызды жаңалық – енді жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасындағы “Информатика” пәні “Информатика және жасанды интеллект” деп аталады.

Бұған дейін жасанды интеллект оқушылардың білімін бағалап, мамандық таңдауына көмектесетіні туралы жазған едік.