“Қазақстан – Әмірліктерге қажет нарық” – саясаттанушы түсіндірді

БАӘ – Таяу Шығыстағы ең ірі инвестор елдердің бірі. Оның тақ мұрагерінің Қазақстанға келуі тек символикалық сапар емес, стратегиялық астары бар геосаяси қадам. Саясаттанушы Жанат Момынқұлов екі ел арасындағы әріптестіктің болашағы мен тәуекелдері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ: Біріккен Араб Әмірліктерінің Орталық Азиядағы геосаяси мақсаттары қандай және Әбу-Даби тақ мұрагерінің Қазақстанға сапарының қандай стратегиялық мәні бар?
Жанат Момынқұлов: Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның Таяу Шығыстағы басты сауда-экономикалық серіктесі әрі өз аймағының инновациялық орталығы. Триллион доллардан асатын капиталы, ықпалды биржалары бар БАӘ – бүгінде халықаралық қаржының астанасына айналған мемлекет. Қазақстан азаматтары үшін бұл ел – туризм, бизнес пен демалыс үшін ең тартымды бағыттардың бірі. Мемлекеттік басқарудағы цифрлық шешімдері, инфрақұрылымы мен мәдени жұмсақ күші БАӘ-ні біздің елге үлгі боларлықтай мемлекетке айналдырды.
Сапардың басты мақсаты – Әмірліктердің сыртқы саясатын әртараптандырып, Орталық Азиядағы ықпалын арттыру. Тақ мұрагер Халед бен Мұхаммед ән-Нахаянның Астанаға келуі – осы аймақта жаңа стратегиялық серіктестер табу, болашағы бар нарықтармен тығыз байланыс орнату үшін жасалған нақты қадам.
БАӘ мен Қазақстан – екеуі де көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын, экономикалық даму мен тұрақтылықты басты орынға қоятын елдер. Өткен жылы Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция салуға келіскен болса, биыл БАӘ 5 млрд доллардың 22 келісіміне қол қойды. Бұл біздің аймаққа деген сенімнің нақты дәлелі.
BAQ.KZ: Қол қойылған келісімдерді ескере отырып, алдағы жылдары Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудың болашағы қандай?
Жанат Момынқұлов: Әмірліктер Қазақстанды модернизация, энергетика, цифрландыру, инвестиция мен инновация салалары бойынша әлеуетті серіктес деп бағалап отыр. Қайта жаңартылатын қуат көздері, жасанды интеллект, цифрлық экономика – осының бәрі екі ел үшін де стратегиялық басым бағыттар.
Біз бай Араб-Парсы шығанағы елдерімен форумдарға қатысып, осы капиталға қол жеткізуге мүдделіміз. Бұл бетбұрысты кезең. Екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтың жаңа іргетасы қаланып жатыр.
BAQ.KZ: БАӘ-мен қол қойылған келісімдерден Қазақстан экономикасының қай салалары көбірек пайда көреді және бұл елдің экономикалық дамуына қалай әсер етеді?
Жанат Момынқұлов: БАӘ – ІТ мен технологияда алдыңғы қатарда тұрған ел. Олар жасанды интеллект пен микрочип өндірісіне 1 трлн долларлық қор құрды. Осы салада Қазақстанмен де ынтымақтастық орнатуға дайын. Атап айтқанда, екі ірі суперкомпьютер жеткізіліп, Астана ақылды қала жобасына қызмет ететін деректер орталығы ашылады. IT саласында 250 млн долларлық келісімге қол қойылды. Masdar компаниясы Жамбыл облысында 1,4 млрд долларлық жел электр станциясын салуда. Тағы да 2 ГВт қуатты сақтайтын жүйелерге инвестиция құйылады. Бұл оңтүстік аймақтың энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосады.
Ауыл шаруашылығында Alel Group пен Lulu компаниялары ет, қант өндірісін, супермаркеттер мен азық-түлік жеткізу тізбегін дамытпақ. Каспий арқылы Құрық пен Ақтау портын жаңғырту жұмыстары да қолға алынды. Қысқаша айтқанда, Қазақстан экономикасын әртараптандыру үшін біз өзімізге қажетті серіктесті таптық.
BAQ.KZ: Қол қойылған келісімдерді іске асыру кезінде қандай ықтимал сын-қатерлер туындауы мүмкін?
Жанат Момынқұлов: Мұнай бағасының күрт төмендеуі немесе саяси тұрақсыздық сияқты сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін. Сол себепті бізге келісімдерді ресми түрде ратификациялап, орындалуын нақты бақылауға алу қажет.
BAQ.KZ: Әбу-Дабидің тақ мұрагерінің сапары мен қол қойылған құжаттар Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджіне қалай әсер етуі мүмкін?
Жанат Момынқұлов: Бұл сапар Қазақстанның халықаралық беделін арттыра түседі. Біздің ел инвестициялық тұрғыдан сенімді мемлекет ретінде бағаланады. БАӘ – мұсылман елдерінің ішінде ең прогрессивті әрі прагматик мемлекеттердің бірі. Оның Қазақстанмен байланысын нығайтуы – басқа мемлекеттер үшін де оң сигнал. Орта Азия бай араб елдерімен қатынасын тереңдете беруі қажет. Қазақстан мен БАӘ – өз аймақтарында ықпалды ойыншылар. Сондықтан бұл байланыс – мұсылман әлеміндегі жаңа геосаяси тепе-теңдікті қалыптастыратын маңызды қадам.
-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Жанат Момынқұлов осыған дейін редакциямызға Кашмир мәселесіне жөнінде сұхбат берген еді. Оның сөзінше, Кашмир тек Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймақ емес – бұл жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан ерекше мәнге ие аймақ.