Қарағандыға ҚР Президентінің Іс Басқармасының Медициналық орталығының дәрігерлері келеді
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы елорданың жетекші дәрігерлерін өз тәжірибелерімен бөлісуге шақырды.
Келесі аптада Қарағандыға ҚР Президентінің Іс Басқармасының Медициналық орталығының мамандары келеді. Екі күнде, 27–28 ақпанда олар бірнеше клиникаларға барып, шеберлік сабақтары мен кеңестер өткізеді. Сондай-ақ, қарағандылық дәрігерлермен бірлесіп пациенттер үшін бірқатар жоғары технологиялық операциялар жасайды.
Х. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада елордалық әріптестер қандай көмек көрсететінін айтты.
– Ми қан тамырлары патологиясы бар науқастарды емдеу бойынша бірқатар шеберлік сабақтар жоспарланған. Біздің клиникада екі ангиограф орнатылғанын ескерсек, тәжірибе алмасу жемісті болады деп ойлаймын. Әріптестердің көмегімен біз нейрохирургияны және жалпы аймақтың инсульт қызметін жақсартамыз. Сондай-ақ олар күрделі жағдайлар бойынша бірқатар консультациялар өткізеді, – дейді инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Ниязбек Ерниязов.
Сонымен қатар, аритмиямен ауыратын науқастарға үш операция жоспарланған.
Аритмолог-дәрігер Нұрлан Елемесов бұл ретте 3D-навигациялық жүйе қолданылатынын атап өтті. Аурухана миллиметрге дейін аритмия көзін табуға мүмкіндік беретін осы жаңа технологияны орнатты.
Облыстық клиникалық ауруханада урология, гинекология, проктология, гастроэнтерология және т. б. бөлімшелерде бірқатар операциялар жүргізіледі.
Елордалық дәрігерлер кардиохирургиядағы тәжірибелерімен бөліседі. Кардиовертер-дефибриллятор имплантациясын жүргізеді, криоабляция процедурасын көрсетеді.