Қарағандыда көпқабатты үй өртеніп, екі адам зардап шекті
Қарағандыда тоғыз қабатты үйдегі пәтер өртеніп, 10 адам құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт салдарынан екі адам ауруханаға жатқызылған.
Ведомствоға сағат 17:53 шамасында Гүлдер-1 ықшамаудандағы 9 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. 8-қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртенген. Өрт ауданы 6 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 18:26-да сөндірілгені белгілі болды.
Өрт сөндірушілер құтқару қалпақтарын қолданып 10 адамды құтқарды, оның 3-і балалар, 12 адамды эвакуациялады, оның екеуі – балалар. Өртенген пәтердің екі тұрғыны қосымша тексеру үшін ауруханаға жеткізілді, – делінген министрліктің хабарламасында.
Өрт орнына жеке құрамның 30 адамы мен 8 бірлік жедел әрекет ету техникасы жұмылдырылды.