29 қарашада Алматының әйелдер және ерлер хоккей командаларының ойыншылары қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты. Спортшылар қаланың әртүрлі сайлау учаскесінде дауыс берді.
Алматы әйелдер хоккей командасының ойыншысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Лариса Свиридова спортшылар үшін қаланың қоғамдық өміріне араласудың маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бүгін алматылықтар қаланың дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға қатысатын депутаттарды таңдауда. Ал сайланған депутаттардың жұмысы қала аудандарының көркейтілуіне, сондай-ақ балалар мен ересектердің спортпен шұғылдануына арналған мүмкіндіктердің кеңеюіне ықпал етуі мүмкін.
Еске сала кетейік, Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 41-інде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

