Қарағанды облысында 82 жетім мен жүздеген мұқтаж жанға пәтер берілді

Қарағанды облысында прокуратураның араласуымен ұзақ уақыт бойы кезекте тұрған 298 азамат баспаналы болды. Оның ішінде 82 пәтерді жетім балалар иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды облысының прокуратурасы азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін тұрғын үй құрылысының және жалға берілетін пәтерлерді сатып алу заңдылығын тексерді. Қадағалау шаралары барысында бірқатар заң бұзушылықтары анықталған.
Тексеру нәтижесінде сапасы сәйкес келмейтін пәтерлер сатып алынып, оларды бөлу процесі кешіктірілгені анықталды. Бюджетке 50 миллион теңгеден асатын жалдау төлемдері түспеген. Иесі жоқ 417 пәтерге қатысты тиісті шара қабылданбаған. Тұрғын үй беру тәртібінің бұзылуы салдарынан 144 жетім бала есепке алынбаған. Прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес ұзақ уақыт бойы баспана күткен азаматтарға 298 пәтер берілді. Оның ішінде 82 пәтерді жетім балалар алды, – деп хабарлады Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында жетім балалардың заңсыз кезектен шығарылғаны анықталған.
Сонда-ақ, Ақмола облысы Макинск қаласында екі ағайынды бала жетім ретінде тұрғын үй алуға құқығы бола тұра, 13 жыл бойы кезектен тыс қалғанын жазған болатынбыз.