Интернет-алаяқтықтың алдын алу: полицейлер еңбек ұжымында кездесулер өткізуде

Түркістан облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында теміржол мекемелері қызметкерлерімен кездесті. “Заң және тәртіп” қағидатын ілгерілету және интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында Түркістан облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “ҚТЖ-Жүк тасымалы” филиалы – ЖТ Шымкент бөлімшесі мен Арыс локомотив пайдалану депосының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырды.

50 ден астам адамды қамтыған шарада полицейлер қоғамның өзекті мәселелерінің біріне айналған интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы айтып түсіндіріп, киберқылмыстардан қорғау тәсілдері туралы және цифрлық қауіпсіздікті сақтау бойынша ұсыныстары бар жадынамалар таратты.

Сондай-ақ полицейлер қатысушыларға қарапайым сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салып, жеке деректерді, парольдерді және SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелер бойынша басып, белгісіз қосымшаларды жүктемеу, сондай-ақ банктік шоттар мен карталарды үшінші тұлғаларға жария етпеу қажеттігін ескертті.

Осы орайда полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алуға және халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта жалғасатынын айтып, алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтарды қырағы болуға шақырды.