II Түркі Универсиадасының жабылу салтанаты өтті
Бүгін 4 күн бойы түркі тілдес мемлекеттердің назарында болған II Түркі универсиадасының жабылу салтанаты өтті.
5-қараша күні түркі жұртының астанасы – Түркістан қаласында бастау алған II Түркі универсиадасына Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстаннан 500-ден астам студент-спортшы қатысты. Жас спортшылар 7 спорт түрінен: үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі бойынша өзара бәсекеге түсті.
Жабылу салтанаты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау видео-ролигімен басталды. Министр өз тілегінде: «II Түркі универсиадасы – бауырлас елдердің ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын тағы да паш етті. Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жарқын үлгісін көрсетті. Түбі бір түркі халқының тарихы мен дәстүрі, қуаты баршамызға ортақ мығзымас құндылық екені сөзсіз»,-деді.
Өз кезегінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков: “Спорттық сайыстар — қайрат пен намысты ұштайтын, бойға қуат, жүрекке сенім, білекке күш беретін рухты әлем десек, бұл Универсиаданы тарихы тамырлас түркі жұртының студенттері бас қосып, ынтымақтастықты арттыратын маңызды шара деп білеміз”, дей келе универсиада жеңімпаздарын құттықтады.
Сондай-ақ, универсиада да жеңіске жеткен барлық мемлекет спортшыларын құттықтап, әрбірі өз елінің мақтанышы, үміт артқан ұрпағы екенін жеткізді.
Кеш Түркі универсиадасының туын келесі елге табыстау рәсімімен жалғасты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы мен Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев III Түркі универсиадасын өткізу үшін туды Қырғызстан Республикасы өкілдігіне салтанатты түрде табыс етті.
Түркі универсиадасының жабылу кеші арнайы концерттік бағдарламамен жалғасты.
Атамекен ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі Дәулеткерейдің күйі «Көрұғлы» мен түркі халықтары музыкасынан попурри орындап, көптің рухын көтеріп, зор қошеметке бөленді. «Би сұлтан» би ансамблі II Түркі универсиадасы бауырластық пен ынтымақтың айқын көрінісі екенін дәріптейтін «Достық» биін мың бұрала биледі. Түркістанның әнұранына айналған – «Түркістаным Тұраным» әнін жиылған көрермен қосыла шырқады.
Осылайша достық пен татулықты бейнелеген, бауырлас елдердің спорттық дүбірлі додасы өз мәресіне жетті. Көңілді кеш түркі тілдес мемлекеттердің бір-біріне деген шексіз құрметі, ыстық ықыласы мен ізгі тілегінің көрінісін бейнелеп, баршаға қуаныш сыйлады.