Этномедиация — татулық пен келісім құралы

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында «Халықаралық медиация орталығы» өңірлік өкілдігінің кәсіби медиаторлары бас қосып, медиацияны соның ішінде этномедиацияны дамыту жайында талқылау өткізді.
Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі мәлімдегендей, этнос өкілдерінің қатысуымен орын алған жағдайларды этномедиация әлеуетімен реттеп, тараптарды ортақ мәмілеге келтіру жайы жан-жақты сөз болған бас қосуда жергілікті медиаторлардың этномедиация бойынша білім-білігі мен тәжірибесін арттыру жайы пысықталды.
Шымкент қаласында этносаралық жағдай қалыпты, тұрақты. Туындаған сұрақтар сәтті шешілуде. Медиация жұмыс істей бастаған сәттен-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Этносаралық келісімді нығайту мен елде жүріп жатқан саяси реформалар өзара бір-бірімен байланысты процестер екені белгілі.
«Қазіргі таңда біздің алдымызда медиацияға қатысты екі үлкен бағыт тұр. Біріншісі – этномедиация институтын дамыту. Екіншісі – құқық қорғау қызметін дамыту. Бірінші бағыт бойынша Мемлекет басшысы 2021 жылдың қазан айында өткен кеңесте біршама міндеттер жүктеген болатын. Күні кеше басшылыққа медиация орталығын құру жөнінде жүйелі ұсыныстар енгізілді. Этномедиация орталығы бұған дейін де дамып келе жатқан этномедиацияны кәсіби деңгейде құрудың бірден-бір құралы болмақ. Бұл орталық мына бағыттар бойынша жұмыс істейді: мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық сектор өкілдері үшін этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша курстар ұйымдастыру, этномедиация жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету, шиелініс жағдайлардың алдын алу мақсатында өңірлерге профилактикалық және дағдарысқа қарсы іс-сапар ұйымдастыру, атқарушы органдарға ақпарат беру, – деді Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 5 медиация орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтардағы келіссөз жүргізуші кәсіби мамандардың этномедиация аясында білімдерін көтеру бағытындағы оқыту әрі әдістемелік бағыттағы жұмыстар қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен тұрақты әрі жоспарлы жүргізіліп келеді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинеттерінде және диалог алаңдарында мемлекеттік органдар өкілдері мен ҚХА қоғамдық медиаторларының қатысуымен «Ашық есік күні» республикалық акциясы өтті.