Ет – қымбат, шұжық – қолжетімді: Қазақстандықтар қалай тамақтануда?

 Соңғы жылдары Қазақстанда қымбат ет түрлерін тұтыну азайып, шұжық пен сосиска сияқты өңделген өнімдерге сұраныс артып келеді. Халық бұрынғыдай ет сатып ала алмай, қолжетімді әрі ұзақ сақталатын баламаларға – шұжық, сарделька мен тауық етіне көше бастаған. Бұл тек тұтынушының күнделікті тамағына ғана емес, елдегі ет өңдеу өнеркәсібі мен сауда нарығына да әсер етіп отыр. Қазақстандықтар сиыр етінің орнына шұжық өнімдерін жиі таңдай бастады. 2025 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанда 44,5 мың тонна шұжық өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom-ға сілтеме жасап.

Осылайша, елде етті қайта өңдеу көлемі артып келеді. Шұжық нарығы өндіріс жағынан да, тұтыну жағынан да тұрақты өсімді көрсетуде.

Қаңтар-маусым айларындағы деректерге сүйенсек, отандық өндірушілер шұжық және оған ұқсас өнімдерге деген сұраныстың 63,9%-ын қамтамасыз еткен. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 60,1% жоғары.

Импорт 2,7%-ға қысқарса, экспорт 14,3%-ға артқан. Алайда нақты көлемі әлі де аз — небәрі 207 тонна ғана.

Дегенмен, сұраныс пен өндіріс көлемінің өсуіне байланысты, тамыз айында ет өнімдерінің бағасы жылдың басынан бері ең күрт өсімді көрсетті: шұжық бағасы 2,1%-ға қымбаттаған. Бұл сегменттегі баға өсімі алғаш рет инфляция деңгейінен айтарлықтай асып түсті.

Жылдық есеппен алғанда, шұжық өнімдерінің бағасы 13,1%-ға өскен. Бұл 2024 жылдың тамызындағы 4,9%-дық өсіммен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Ал ет, соның ішінде сиыр еті, бір жылда 24%-ға қымбаттаған. Бұл барлық ет өнімдерінің бағасына тікелей әсер етуде.

Өңірлер бойынша шұжықтың ең қымбаттаған жері Ақмола облысы — бірден 22,5%-ға, Шымкент қаласында — 20,2%-ға, сондай-ақ Ұлытау және Павлодар облыстарында байқалған. Ал ең жоғары бағалар Ақтауда тіркелген: 1 кг піскен шұжық — 4308 теңге, жартылай ысталғаны — 5114 теңге.

Соған қарамастан, тұтыну көлемі өсе беруде, әсіресе жартылай ысталған шұжықтар, сосискалар мен сарделькалар сегментінде. 

2025 жылдың алғашқы тоқсанында піскен шұжыққа сұраныс 4%-ға азайғанымен, басқа түрлерге қызығушылық артқан: жартылай ысталған — 0,5%-ға, сосиска мен сарделька — 0,9%-ға өскен.

Бұл өзгерістер қымбат ет түрлерін — сиыр еті, қой еті мен шошқа етін тұтынудың азаюы және қолжетімді баламалар — тауық еті мен жылқы етіне сұраныстың артуы аясында болып жатыр.