Есірткі зертханасын жасаған 52 жастағы тұрғыны 12 жылға сотталды
Қызылорда облысында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті тұрғын ұйымдастырған есірткі зертханасын анықтады. Оқиға орнында 52 жастағы ер адам ұсталды. Ол сарайдың ішінде қабырғасы пластик фольгамен қапталған есірткі зертханасын жасаған. Тексеру кезінде есірткі өсіруге арналған жарықдиодты жарықтандыру құрылғылары мен суаруға қажетті құрал-саймандар тәркіленді.
– Зертхана ішінен 214 түп қарасора өсімдігі заттай дәлел ретінде алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген есірткінің жалпы салмағы төрт келіге жуық болған. Сонымен қатар кептірілген шөп тәріздес ерекше хош иісі бар заттар анықталды. Атап айтқанда, 8 газет қиындысына, 6 полиэтилен пакетіне және пластикалық бөтелкеге салынған есірткі табылды. Сараптама нәтижесі бойынша олардың жалпы салмағы 5,4 келіден астам кептірілген марихуана және 4,65 грамм гашиш екені абелгілі болды. Айыпталушы тергеу кезінде қамауда болды, – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен. Сот шешімі бойынша ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қызылордалық тұрғын жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топ қолға түсті.