Ерлан Қарин: 2025 жыл еліміз үшін табысты болды

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған салтанатты іс-шарада 2025 жылға қорытынды жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылы еліміз үшін табысты болды. 11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыз 6,4 пайыз өсім көрсетті. Отандық зауыттарда 147 мың автокөлік құрастырылды. 17 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Денсаулық сақтау саласында 219 жаңа нысан салынды. 130 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан 173 өндіріс ашылып, 22 мың жұмыс орны ашылды, – деді кеңесші.
Ол екінші жыл қатарынан рекордтық көлемде 27 миллион тонна астық жиналғанын, 13 мың шақырым жол реконструкциямен жөндеуден өткенін атады. Ұзындығы 836 километр шақырым “Достық – Мойынты” теміржол желісінің екінші желісі іске қосылғанын еске салды.
Осының барлығы құр ақпарат, жай статистика емес. Осының артында мыңдаған адамның үлкен еңбегі жатыр. Олар қарапайым жұмысшылар, инженерлер, механизаторлар, құрылысшылар, энергетиктер, технологтар, дихандар және басқалары. Осы жетістіктер – ел азаматтарының көзге көрінбейтін күнделікті ортақ жұмыстарының жемісі, – деді Қарин.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты іс-шараға қатысқанын хабарладық.




