Елде онкологиялық қызмет сапасы жаңа деңгейге көтерілді

Бүгінде Қазақстанда онкологиялық көмектің барлық негізгі түрлері – жоғары дәлдікті диагностикадан бастап заманауи емдеу әдістеріне дейін қолжетімді, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Саладағы соңғы деректерге сәйкес, 400-ден астам халықаралық телемедициналық консультация өткізілген. Сонымен қатар, үй жағдайында медициналық көмек көрсететін 252 мобильді бригада жұмыс істеп тұр.
Өңірлерде диагностикаға қолжетімділік кеңейіп келеді. Заманауи маммограф, компьютерлік томография және ультрадыбыстық зерттеу құрылғыларымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер саны артуда.
Дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 100-ден астам заманауи ісікке қарсы препарат қолданылады, оның ішінде 40-ы инновациялық таргеттік дәрілер.
Сондай-ақ сүт безі, жатыр мойны және колоректальды обырды ерте анықтауға арналған мемлекеттік скринингтік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда өкпе обырына скрининг енгізу мәселесі қарастырылуда.




