Экс-банкир Ертаев неліктен рақымшылыққа ілінді?

2025 жылдың 2 қыркүйегінде Алматы облысы Алатау қаласының соты экс-банкир Жомарт Ертаевқа Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық қолданды. Ол 144 млрд теңгені жымқырғаны үшін сотталған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жомарт Ертаев 2020 жылғы 16 қарашада Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған. Өтініш қаралған сәтте ол 8 жыл 3 ай 14 күн түрме жазасын өтеген, ал өтелмеген мерзімі 11 ай 16 күн болған. Ол отырған мекемеде бірінші оң мінез-құлық дәрежесі берілген, – делінген сот хабарламасында.
Сот 2025 жылғы 23 маусымдағы “Рақымшылық туралы” заңның нормаларына сүйенді. Аталған заңға сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген мерзімі бір жылдан аз болса және теріс мінез-құлық дәрежесі болмаса, негізгі жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.
Осыған байланысты Ертаев қалған мерзімінен босатылады. Алайда сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Еске салайық, 2018 жылы экс-банкир Мәскеуде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған еді. Оған 144 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылды.
Алматыда сот процесі 2019 жылдың желтоқсанында басталып, бір жылға жуық уақытқа созылды. Ертаевпен бірге тағы 38 айыпталушының ісі қаралды. Сот отырыстары барысында Ертаев өз кінәсін мойындап, соңғы сөзінде барлық жәбірленушілерден, соның ішінде басқа айыпталушылардан кешірім сұрады. 2020 жылғы 16 қарашада сот оны 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. 2021 жылы бұл мерзім 9 жылға қысқартылған болатын.