Дулат Исабеков: Біз бәріне балаша сендік…

Өзбекстанда ештеңе жоқ болса да, бәрі бар. Ал бізде бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ.

Біз мақтанып жүргенде олар зауыттар салып, самолет шығарады. Өзбекстан он жылдан кейін Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты азия барысына айналады.

Бізді қырғыздың өзі киіммен қамтамасыз етіп жатыр. Бір шұлық шығара алмадық. Сөйте тұра бәрінен озып кеттік дейміз.

Біз бәріне балаша сендік. «2030 жылы жақсы өмір сүреміз, одан қала берді 2050 жылы бәрі керемет болады» деді. Ал аяғы не болды?

Тәуелсіздіктен айрылып қала жаздадық емес пе?

Алдау, арбау, жемқорлықтың салдарынан халық әбден кедейленіп, ыңыршағы шықты. Шетелден оқып келген жастарымыз жұмыс таба алмай, қайтадан шетелге кетіп жатыр. Осында қалғандары 70-80 мың теңгеге жұмыс істеп жүр. Бұл айлықпен жастар қалай үйленіп, тұрмыс құрмақшы?

Біз болашақты ойлаймыз ба? Таңертең тұрып, кешке ұйқтағаннан басқа не бітірдік?

Кадрда өзгеріс болады дейді. Көбі кешегі адамдар. Олар – жемқорлыққа батқандар. Көшеге шыққан ашынған жастардың бәрі аяусыздыққа бекінген. Өйткені, олар бірде-бір шенеунікке сыйластықпен қарамайды. Шенеунік атаулыны жемқорлықпен былғанған, халықтың қанын аш кенедей сорған адам ретінде иттің етінен әрмен жек көреді. Содан кейін де МАИ қызметкерлерінің көлігін ұрады, сындырады.

Ашынған адам – тобыр. Бір қозғалғаннан кейін тоқтамайды. Міне, сол ашынған адамның тобыры бәрін қиратты.

Біз тобырды өтірік алдау, жалған айту арқылы өзіміз қолдан жасап алғанбыз. Біз ұрлыққа түскен адамды соттаймыз, бірақ ол ұрлыққа неге түскенін айтпаймыз. Оған терең үңілмейміз. Үкімет неге осындай жағдайды ойлап, халыққа білдірместен жасырын отырыс өткізбейді?

Жастар арасында суицидке бару, соттан, басқадан әділдік таппай өзін-өзі өртеп жіберу фактілері көп. Қазақстан суицид бойынша екінші орында, жемқорлық бойынша бірінші орында.

ПІКІР ЖАЗУ