Дубай әуежайы дрон шабуылынан кейін рейстерді қайта жандандырды

Әуеден жасалған шабуылдан кейін Дубай әуежайы жұмысын ішінара қайта бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
The National басылымы таратқан мәліметке сәйкес, Дубай халықаралық әуежайынан ұшулар біртіндеп қалпына келе бастағанымен, әзірге шектеулі режимде жүзеге асырылып жатыр. Шектеулер түнде әуежай маңында дрон соққысына байланысты болған оқиғадан кейін енгізілген.
Биліктің мәліметінше, ирандық дрон әуежайға жақын орналасқан жанармай резервуарына тиіп, соның салдарынан өрт шыққан. Dubai Media Office оқиға шамамен таңғы сағат 04:00-де Дубай әуежайы маңында болғанын айтты.
Дрон әуежайдан алыс емес жердегі жанармай резервуарына соғылып, соның кесірінен өрт тұтанған. Билік өкілдері жағдайдың тез бақылауға алынғанын, зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.
Таңғы сағат 06:30-да әуежай ұшуларды уақытша тоқтатты. Кейін әуе компаниялары кестені біртіндеп қайта қалпына келтіре бастады.
Басылымның мәліметінше, оқиға салдарынан Дубайға бағыт алған бірнеше рейс басқа әуежайларға жіберілген. Олардың қатарында Emirates әуе компаниясының Бейжіңнен, Токиодан (Нарита), Мельбурннан және Гонконгтан ұшқан рейстері, сондай-ақ flydubai компаниясының Варшавадан, Эр-Риядтан және Каирден шыққан рейстері бар.
Emirates әуе компаниясы рейстерді сағат 10:00-ден кейін шектеулі кестемен орындауды жоспарлап отырғанын айтты. Алайда кейбір ұшулардың тоқтатылғаны да айтылды. Жолаушыларға билеттерін қайта брондау нұсқалары ұсынылатыны мәлім болды.




