Досаев өзінің отставкасын талап ететін митингті өткізуге рұқсат бермеді

 Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өзіне қатысты отставка талабымен митинг өткізу туралы өтінішті қабылдамады. Бұл туралы адвокат Мұрат Адам өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мұрат Адамның айтуынша, митинг өткізуге рұқсат бермеу туралы шешім қабылданған соң, ұйымдастырушылар сотқа жүгінуге бекінген.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Санжар Бокаевтың және менің “Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етеміз” тақырыбында митинг өткізу туралы өтінішімізді қабылдамады. Бұл жауап біз үшін күтпеген жағдай емес. Досаев өз отставкасына қатысты митингті қолдамайтыны айдан анық еді, – деді адвокат.

Сонымен қатар, адвокат митингке рұқсат бермеу кезінде заң нормаларының өрескел бұзылғанын атап өтті. Ұйымдастырушылар митингті 2025 жылдың 24 мамырында Амангелді Иманов саябағында, сағат 10.00-ден 18.00 аралығындағы кез келген уақытта өткізуге өтініш берген.

Бізге тек сағат 12.00-ден 15.00-ге дейін митинг өткізуге рұқсат берілмеді. Заң бойынша, егер өтініште көрсетілген орын – Амангелді Иманов саябағы бос болмаса, ұйымдастырушыларға балама орын ұсынуы керек еді. Алайда, бұл Досаевқа қатысты тақырып болғандықтан, барлық митинг орындары “бос емес” деп көрсетілді, – деді Мұрат Адам.

Мұрат Адамның айтуынша, әкімдік өтінішті қарау барысында алдын ала тыңдау өткізбей, асығыс шешім қабылдаған.

Досаевтың отставкасына қатысты мәселе оларды қатты алаңдататыны сонша, әкімдік өкілдері заңды бұзуға дейін барды. Тек митингке рұқсат бермеу үшін асығыс шешім шығарды. Бірақ біз бұл мәселені жай қалдырмаймыз. Санжар Бокаевпен бірге сотқа талап-арыз беруді жоспарлап отырмыз, – деп мәлімдеді адвокат.

Бұған дейін Санжар Бокаев пен Мұрат Адам Алматы әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап ету мақсатында митинг ұйымдастыруға ниетті екендерін хабарлаған болатын.

ПІКІР ЖАЗУ