Дендросаябақ ерекше демалыс орнына айналады
Түркістандағы дендросаябақ еліміздегі ерекше демалыс орындарының біріне айналады. 28 гектарға жуық аумақты алып жатқан саябақта қазір жасанды көлдің құрылысы жүруде. Көлдің жалпы аумағы – 12,7 гектар. Көлге 0,6 млн. текше метр су сияды. Мұнда қала тұрғындары мен саяхатшыларға барынша қолайлы жағдай жасалмақ. Облыс әкімі дендросаябаққа барып, аталған жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
– Жасыл алқап – қаланың өкпесі. Дендросаябақта алдымен адамдардың таза ауада серуендеп, тынығуына мүмкіндік жасалуы тиіс. Жасанды көлдің құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырамын. Әрбір нысанның құрылысы қадағалауда болады, – деді өңір басшысы.
Бүгінгі таңда жасанды көлдің жанынан жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Сондай-ақ, әкімшілік-тұрмыстық ғимараты мен екі фаст-фуд ғимараты салынуда. Сонымен қатар абаттандыру, ғимараттардың ішкі әрлеу жұмыстары, көл айдыны аумағын қоршау, сыртқы желілер тарту және геомембранна төсеу жұмыстары қолға алынған.
Облыс әкімі одан кейін «Тұран» тұрғын үй кешеніндегі 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл аумақта 13 компания жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда 32 тұрғын үйдің басым бөлігінің қабырғалары толық тұрғызылған. Ішкі әрлеу және қасбет орнату жұмыстары жүргізілуде. Аталған үйлердің құрылысына 600-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы паркингі бар 20 қабатты тұрғын үй мен әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Оның біреуінің құрылысы шілдеде аяқталса, екіншісі жыл соңында тапсырылады деп жоспарланған. Паркингі бар үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары 65%-ға аяқталған. Сыртқы фасад – 95% дайын. Өңір басшысы тұрғын үйлер тұрғындар үшін жайлы әрі өмір сүруге қолайлы болуы керектігін айтты. Мердігерлерге әрбір жұмысты талапқа сай атқаруды тапсырды. Түркістандағы ең биік қос ғимарат қаланың тұрғын үй қорын молайтып қана қоймай, сәніне сән қосады деп күтілуде.