“Дауласуға уақыт жоқ”: Ердоған елдегі ереуіл туралы мәлімдеме жасады

 Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдегі жаппай наразылықтардан кейін алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ. Бұл наразылықтар Стамбул мэрі Экрем Имамоғлуның қамауға алынуына байланысты басталған. Имамоғлу – Ердоғанның басты саяси қарсыласы саналады.

Ердоған оппозицияны полиция мен сот жүйесіне қысым көрсетіп отыр деп айыптады. Ол оппозиция өз мәселелерін елдің ең маңызды проблемасы ретінде көрсеткісі келеді деп мәлімдеді.

Біздің уақытымыз айтысып-тартысуға емес, жұмыс істеуге кетеді. Оппозиция өз ішіндегі жанжалдар мен заңды мәселелерін бүкіл елдің басты проблемасы етіп көрсеткісі келеді. Бұл – барып тұрған екіжүзділік, – деді Ердоған.

Стамбулда төрт күндік митингке тыйым салынғанына қарамастан, наразылықтар жалғасуда. Түнде мыңдаған адам қала мэриясының алдына жиналып, Имамоғлуның қамауға алынуына қарсылық білдірді. Полиция Таксим алаңына өтпек болған жастарды тоқтатты, ал Анкарада студенттерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды.

Имамоғлу сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қатысты іс бойынша 19 наурызда қамауға алынды. Ол және оның жақтастары 4 күн бойы полицияда қамауда болады. Бұған байланысты Стамбулда жолдар жабылып, кейбір метро желілері тоқтатылды.

ПІКІР ЖАЗУ