Дархан Сатыбалды Өзбекстандық инвестормен мақта-тоқыма кластерін дамыту жоспарын талқылады

Мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында тоқыма комбинатын және логистикалық орталық ашады. Шетелдік компания 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қоспақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковпен кездесіп, жаңа жобаларды талқылады.

Компания 2023-2030 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындаған. Құны 50 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады.

Кездесу барысында Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын жақсарту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы бұл салада екіжақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін айта келе инвесторға алғысын білдірді. Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егілді. Ол үшін Өзбекстаннан мақтаның 300 тонна жоғары сапалы «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттары жеткізілді.

Жоспар бойынша келесі жылы сапалы мақта егу көлемі 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Оны мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады. Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады, мақта кластері дамиды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен өңірге келген инвесторлардың бірі биылдан бастап Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті. «Global textile» компаниясы – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын өндіріс алыбы. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында жалпы саны 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ