Дархан Сатыбалды кентауда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ашылған жобалармен танысты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына жұмыс сапары барысында жеке кәсіпкерлік иелерімен кездесіп, жұмысымен танысты. Шаруалармен пікірлесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Алдымен Хантағы ауылында орналасқан «Салы Алпамыс» шаруа қожалығында болды. Аталған шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысуды қолға алған. Құны  8,4 млн. теңге болатын жоба 2023 жылы іске қосылды. Жоба қуаттылығы – 35 бас. Мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер жеңілдетілген несие қаржысына жылқы сатып алған.

Осы шаруа қожалығы аумағында өңір басшысына  Кентауда жүзеге асып жатқан жобалар таныстырылды. «Тажитдин Ата ауыл шаруашылығы» өндірістік кооперативі құс етін өндіру жобасын бастаған. Қазірдің өзінде тұтынушылары бар. Сонымен бірге  балық шаруашылығы да дамуда. Жалпы Кентауда «Ауыл аманаты»  жобасы арқылы 80-нен астам жоба қаржыландырылған. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып, шаруалардың жаңа бастамасына жеміс тіледі.

– Өңірдегі ауыл-аймақ тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығы болғандықтан, мемлекет тарапынан шаруашылықпен айналысуға үлкен қолдау көрсетілуде. Соның бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыруға өңірдегі 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жоба арқылы ауыл шаруашылығын ғана емес, әр түрлі бағыттағы орта және кіші кәсіпкерлікті дөңгелетуге мүмкіндік көп. Жоба аясында жаңа өнеркәсіп орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруды көздеп отырмыз. Берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, облыс экономикасының дамуына бірлесе атсалысайық. Жұмыс берекелі болсын! – деді облыс басшысы.

Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру, жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21,4 млрд. теңгені құрайтын 4089 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде, уәкілетті органмен 3766 жоба қаралып, жалпы соммасы 18,1 млрд. теңгені құрайтын 3026 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда 13,9 млрд. теңге құрайтын 2350 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

ПІКІР ЖАЗУ