БҰҰ: Газа халқы су, азық-түлік пен медицинаға мұқтаж

БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик сектор Газа халқы өмір сүру үшін аса қажет барлық дүниеге: тұрғын үйге, азық-түлікке, суға, медициналық көмекке мұқтаж екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, Израильдің құрлықтағы шабуылынан қашқан мыңдаған палестиналық отбасылар күннің аптап ыстығында сағаттап жаяу жүріп, баспана мен азықсыз қалған. Дюжаррик атап өткендей, гуманитарлық көмек керуенінен ұрланған жүктің ішінде кемінде 2700 ауыр әрі қатты ашыққан балаға арналатын материалдар болған.
Біз гуманитарлық көмектің барлық шекаралық өткелдер арқылы жеткізілуін қалаймыз. Сондай-ақ тұтқында қалғандар босатылып, отбасына оралсын. Израильдіктер де, палестиналықтар да бейбіт өмірге үмітін қайта табуы тиіс, – деді ол.
Израильдің шабуылы
Израиль армиясы 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газа секторында әуе және құрлықтағы қарқынды операциялар жүргізіп келеді. Соның салдарынан кемінде 65 174 палестиналық қаза тауып, 166 071 адам жарақат алған.
2024 жылғы 19 қаңтарда күшіне енген уақытша бітім 18 наурызда бұзылған соң, тағы 12 622 адам мерт болып, 54 030 тұрғын жараланды.
Ал 27 мамырдан бері гуманитарлық көмекті тарату орындарына жасалған жүйелі шабуылдардан 2 514 адам қаза тауып, 18 431 адам жарақат алды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторын толықтай басып алып, оккупацияны тұрақты ететінін жариялады.