Блогерді зиратқа апарып қорлағандар ісі сотқа жетті: жәбірленуші баптың жеңілдетілгеніне наразы

 Атырауда 25 жастағы блогер Құралай Болатоваға жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс тергеліп бітті. Материалдар сотқа берілді. Алайда іс “Денсаулыққа орташа зиян келтіру” бабы бойынша ғана қарастырылмақ. Болатованың өзі бұл шешімге наразы – ол өзін алдап, қала сыртындағы аймаққа апарып, бостандығынан айырғанын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жарнама дауы қалай қылмыстық іске ұласты?

Болатованың айтуынша, дау Ыстамбұлға арналған турды жарнамалауға келіскеннен кейін басталған. Ол ұйымдастырушы Айдана Ақмұрзиеваға 100 мың теңге алдын ала төлем жіберген. Блогер жариялаған стористан кейін басқа да азаматтар хабарласып, ұйымдастырушыға ақша жолдағандарын айтқан. Алайда тур кейін өткізілмей қалған.

Ақшаны қайтару талабынан соң жағдай шиеленісіп, Айдана Ақмұрзиева мен оның танысы Ақбота Нұғманова блогерге агрессия таныта бастаған.

“Мені алдап көлікке отырғызып, қала сыртына апарды”

Болатова 2025 жылғы 3 қазан күні кешке екі қыздың оны кафе маңында күтіп тұрғанын айтады. Олар “әңгімелесуді” ұсынып, блогерді көлікке отырғызған. Кейін оны қаланың шетіндегі зиратқа апарған.

Жәбірленуші ол жерде ұрып-соғу мен қорлау болғанын айтады.

Мені алдап алып кетті, соққыға жықты, намысыма тиді. Бұл әрекет үшін әділ жаза болуы тиіс. Неге іс тек 108-баппен жіберілді? Неге “адам ұрлау” ретінде қарастырылмады? Заң бәріне ортақ емес пе? – дейді Болатова.

Шабуыл кезінде қыздардың бірі өзін прокуратурада туысы бар адам ретінде көрсетіп, “ештеңе дәлелдей алмайсың” деп қоқан-лоқы жасағаны да айтылды.

Прокуратура мәлімдемесі

Алайда прокуратура кейін бұл ақпаратты жалған деп жариялап, іске қатысы бар адамдардың ешқайсысы ведомство қызметкерлерімен туыс емес екенін ресми түрде айтты.

Еске салсақ, атыраулық блогер Құралай Болатова Стамбулға уәде етілген турға қатысты жанжалдан кейін соққыға жығылып, қорланғанын мәлімдеген болатын.